1943 жылдан бастап абыройымен жұмыс істеп келе жатқан госпитал!

08 мамыр 2022, 10:04

Отан соғысы мүгедектеріне арналған Республикалық клиникалық госпиталі 1943 жылдан бастап, соғыстан жараланып қайтқан жауынгерлерге хирургиялық ем жасап, оңалту жұмыстарын жүргізуді бастаған екен. Ол кезде Ивако госпиталь деген поезбен жүрген госпиталь Алматыға келіп, Мақатаев көшесінің бойындағы мектепте ең алғашқы госпиталь ашылып, жұмысын бастап кеткен.

Сонау 1943 жылдан госпиталіміз абыроймен қызмет атқарып келеді. Ол жылдары госпитальде 90 пайызға дейін тек Отан соғысы ардагерлері емделетін. Бірақ табиғи заңдылық, жылдан жылға ол кісілердің саны азайып келеді. Бұрын жылына 20-30 ардагер келіп ем алса, бүгінде 2-6 адам ғана келіп, ем алуда. Күні кеше мереке қарсаңында Алматы қаласының Бостандық ауданында тұратын ардагерлерді іздестіргенімізде, бізге 30 адамның тізімін берді. Өкінішке орай, 15-сі телефон көтермеді. Іздеп барғанымызда біразының қайтыс болғанын естідік, имандары саламат болсын. Бірақ біздің дәрігерлер қол қусырып отырған жоқ. Госпитальге жатуға мүмкіншіліктері болмаса, күндізгі стационар дәрігерлері ардагерлеріміздің үйлеріне барып, анализдерін алып, система құйып, дәрі-дәрмекпен қамтамыз етіп отырады. Жақында ғана екі ардагеріміз осында келіп, емге жатты. Оның бірі екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, елін, жерін жаудан азат етуге атсалысып, оқ пен оттың ортасынан аман оралған Ізгілік Нұрмағамбетұлы. Алла қаласа атамыз биыл алтыншы шілдеде 100 жасқа толады. Ақсақалды мерекесімен құттықтап, шапан жаптық. "Көңіл көңілден су ішеді",-демей ме? Азғана сыйымызға Ізгілік атамыз сондай разы болды. Біз Отан үшін от пен оқтың ортасында болған әрбір ардегімізге қандай сый жасасақ та жарасады. Себебі ол кісілер нағыз батыр, ұрпағы үшін, елі мен жерін қорғап қалу үшін кеудесін оққа тосты.

 

Енжі аз-кем тарихтан сыр шертетін болсақ, мұнда кезінде атақты хирург, профессор А.Н.Сызғанов қызмет еткен. 1960 жылы Хирургия институты екіге бөлініп, ол хирургиялық, ал бұл госпиталь болып қалды. Сонымен хирургиялық ем көрсетіп бастаған госпиталь кейіннен терапиялық ем көрсете бастаған. Соғыс ардагерлерімен бірге, сол кісілерге теңестірілген тыл ардагерлері, сондай-ақ, Чернобыль, Ауған соғысының ардагерлері және Семей полигонының зардабын шеккендер, барлығы 808 мыңдай халық бізге тіркелген және емге зәру. Біз мүмкіндігінше жан-жақты көмектесіп, емдеу шараларын жасап жатырмыз. Алдағы күнге жоспарымыз да көп. Соның бірі 2010 жылы жер сілкінісінен кейін тау жақтағы Ладышкино көшесіндегі ғимаратымыз жарамсыз боп, қаңырап қалған еді. Соны депутаттарымыз қолға алып, үкіметіміз қарастырып жатыр. Бұйыртса, алдағы жылы барлық тексерістен өтсе, құрылысы басталады деген ойдамыз. Құрылысқа да қаражат қарастырылуда. Жарты жылда құрылыс аяқталса, 210 адамдық төсек орын қалпына келтіріледі деп отырмыз. Болашақта науқастарды зерттеуге ангиограф бөлімін ашып, заманауи технолргиямен қамту қарастырылуда. Госпиталіміздің екінші бағыты- оңалту болып табылады. Осы жылы нейрореабилитациялық бөлімше ашамыз деген жоспарымыз бар. Мамандар жеткілікті. Аллаға шүкір, ұжымымызда ауызбіршілігі жарасқан, әрі тұрақталған қызметкерлер еңбек етеді. Ең бастысы білімді дәрігерлер мен мейірімді мейірбикелер науқастарға өте мейіріммен қарайды. Госпитальге келгеннен күліп қарсы алып, қашанда көңілдерін табуға барын салады. Оны біздің госпитальде емделген кез-келген жаннан сұрасаңыздар, сөзімді дәлелдейтініне сенімім мол. Бізге Денсаулық министрлігі де қолдау көрсетіп отыр. Алдағы жылы біздің госпитальдің ашылғанына 80 жыл болады. Бізде қазір терапия, неврология және реабилитация бөлімшелері жұмыс істеп тұр. Әсіресе физиотерапия бөлімшесі жақсы дамыған, бізде бассейніміз бар, Шығыс емімен де емдейміз. Ал таудағы госпиталіміз ашылса онда хирургиялық операция жасайтын бөлімді де ашсақ деген үмітіміз бар. Ертеректе әрбір облыста Отан соғысы ардагерлерін емдейтін бөлімше болатын, бүгінде оның көпшілігі бүгінде жабылды, біздің науқастар көпшіліпен бірге ем алады. Тек Алматы қаласындағы номері 1 қалалық клиникалық ауруханада 20 адамдық төсек-орын бар. Бірақ Семей ядролық полигонынан, Чернобыль апатынан зардап шеккен жандарда бір емес бірнеше аурудың түрі болады, сондықтан ол кісілерді жеке емдеген де дұрыс секілді. Республиканың өзге аймақтарына біз жолдамалар бөлеміз, 800 мыңға жуық халықты 210 адамнан әр ауысымда емдейміз. Астанада 90 төсек-орын болса, бізде 120. Біздің контингентке қарайтын 4000 -ға жуық халық бар. Үкіметтің тізімі бар, түрлі ауруға сәйкес ядролық полигон аумағында тұрғандар медициналық сараптамадан өтіп, қорытындысын алса, келіп жатып ем алуларына құқұқтары бар.

 

Мамыр айындағы қос мереке қарсаңында біздің ұжым "Ардагерім - ардағым" акциясы аясында соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, ем-шараларын жүргізді және сый-сияпаттарын жасады. Өз кезегінде ардагерлер рахмет айтып, батасын берді.
Егер білікті дәрігер мамандардан кеңес алып, емделемін десеңіздер, сіздер үшін госпитальдің есігі ашық.

Дамир Абайділдаұлы Дәулетбаев, Госпитальдің директоры,

м.ғ.д, профессор