50 метрдей жерге ұшырып жіберген: Алматыда 17 жастағы қызды көлік қағып өлтірді

10 желтоқсан 2021, 10:28

Алматы қаласының Әуезов ауданында екі жаяу жүргіншіні көлік қағып, 17 жастағы қыз оқиға орнында қайтыс болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Куәгерлердің айтуынша, Skoda автокөлігі Абай даңғылының бойымен батыс бағытта жоғары жылдамдықпен жүріп өткен. Алтынсарин көшесінің қиылысында бағдаршаммен жабдықталған жаяу жүргіншілер өткелінен жігіт пен қыз өтіп бара жатқан. Жүргізуші оларды бар жылдамдығымен қағып, 50 метрдей жерге сүйреп әкеткен.

Апат салдарынан 2004 жылы туған қыз жедел жәрдем көлігі келгенше оқиға орнында көз жұмды. Ал екінші жаяу жүргінші жігіт ауыр жарақаттармен аурухана жеткізілді. Оның өмірі үшін дәрігерлер күресуде.

Адам өліміне әкелген апаттан кейін шетелдік көліктің иесі оқиға орнынан қашып кетіп, біраз уақыттан соң көлігін тастап жаяу қайта келген.

Кейін жол полициясының қызметкерлері Skoda Superb көлігін үшінші ықшамауданда, Малая Сайна көшесінің бойында, Абай даңғылының төменгі жолынан тапқан.

Оқиға орнында тергеушілер мен жол полициясының қызметкерлері жұмыс істеуде.