«64 адам уланған»: Астанада тамақтану орны тексеріліп жатыр

13 маусым 2022, 19:22

Жоспардан тыс тексерулер мен эпидемияға қарсы шаралар жалғасып жатыр.

Нұр-Сұлтанда келушілер уланды деген хабарға байланысты тамақтану орындарының бірі тексеріліп жатыр. Бұл туралы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

9-10 маусымда Нұр-Сұлтан қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармаларына тамақтан улану фактілері тіркелгені туралы қалалық медициналық ұйымдардан шұғыл хабарламалар түскен. Барлық науқас қоғамдық тамақтану орындарының бірінде тамақтанғанын айтқан.

"Жаппай тамақтан улану фактілерінің тіркелуіне байланысты Байқоңыр аудандық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Байқоңыр ауданының Полиция басқармасына ақпарат жолдады. Полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 304-бабы бойынша соталды тергеп-тексеруді бастады", - деді ведомство өкілдері.

10 маусымда қылмыстық іс аясында қоғамдық тамақтану нысанында жоспардан тыс тексеру басталған.

"Тексеру барысында мынадай заңбұзушылықтар анықталды:

нысанның мәлімделген қуатына нақты сәйкес келмеуі;
барлық технологиялық процесс ас үйдің бір бөлмесінде жүргізіледі;
цех бойынша бөлу (учаскелерге бөлу) көзделмеген;
бөлшектеу жабдықтарын таңбалау, пайдалану және сақтау талаптары сақталмайды;
дайын азық-түлік өнімдерін және азық-түлік шикізатын сақтау кезінде қажетті қағидат сақталмайды;
қызметкерлерді жұқпалы аурулардың болуына тексеру журналы жоқ.

Тексеру кезінде зертханалық зерттеу үшін жағындылар, шикізат пен дайын өнімнің үлгілері таңдалды. Кәсіпорынның 15 қызметкері патоген микрофлораны тасымалдауға тексерілді. Нәтиже қаралып жатыр", - деп толықтырды Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдері.

Ведомство мәліметінше, медициналық көмекке 64 науқас жүгініп, оның 52-сі ауруханаға жатқызылды, 12-сі амбулаторлық ем алған.

Жоспардан тыс тексерулер мен эпидемияға қарсы шаралар жалғасып жатыр.