65 млрд теңге: Қазақстандықтар төлеген салықтар мен айыппұлдар "Нұр Отан" партиясына жіберіледі

12 наурыз 2021, 13:15

Нұр-Cұлтан мәслихаты қала бюджетіне 2021-2023 жылдарға арналған өзгерістер енгізу мәселелерін талқылады. Елорданың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Манқараев Қазақстанның Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында бюджетті нақтылау аясында қалалық ортаның сапасын жақсартуға және әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге қосымша қаржыландыру қарастырылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Меншікті кірістер жинағын талдау барысында меншікті кірістер жоспарын 21,8 миллиард теңгеге ұлғайтуға, оны 351,5 миллиард теңгеге жеткізуге арналған резервтердің бар екендігі анықталды. Оның ішінде салық бойынша жоспарды 6 млрд теңгеге ұлғайту есебінен іс жүзінде 1,3 млрд теңгеге айыппұл және негізгі капиталды сатудан 14,5 млрд теңгеге түсімдер түсті. Жалпы қосымша қаржыландыру 72 млрд 528 млн теңгені құрайды, оның 65 млрд 136 млн теңгесі "Nur Otan" партиясының "Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!" сайлауалды бағдарламасының іс-шараларын іске асыруға бағытталады",- деді Қайсар Манқараев.

 
Сонымен қатар, ол экономиканың нақты секторын қолдауға 51,4 млрд теңге қарастырылғанын, бұл құрылыс және өндіріс секторларына, ШОБ-ты дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың әл-ауқатының деңгейін арттыруға қосымша серпін беретінін нақтылады.

"Мемлекет басшысы белгілеген басымдықтарға сәйкес әкімдік жұмыспен қамту жол картасы және "Нұрлы жер"бағдарламаларын іске асыру бойынша жұмысты жалғастырады. Қазіргі таңда 24,5 млрд теңге сомасында мемлекеттік бағалы қағаздарды қосымша шығару есебінен келесі әкімшілер бойынша инфрақұрылымдық жобалар жоспарланған: құрылыс, энергетика, қоршаған ортаны қорғау басқармалары және көлік және жол инфрақұрылымын дамыту басқармалары. Бұл жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 454 жаңа тұрақты және 1 мыңнан астам уақытша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Қ.Манқараев.

Сондай-ақ басқарма басшысының айтуынша, "Nur Otan" сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын ескере отырып, жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға қаражат жаңа көшелер құрылысына, жолаушылар тасымалын субсидиялауға және дамытуға, сондай-ақ бағдаршам шаруашылығына қызмет көрсетуге бағытталды.

"Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында тұрғын алаптарында автожолдардың инженерлік желілерінің құрылысын аяқтау, қаланың тұрғын алаптарында 19 әлеуметтік нысанды газдандыру жоспарлануда. Су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу және елордалық автожолдарды су басуына жол бермеу аясында нөсер кәріздерін тазалауға қосымша қаражат бөлінді", - деді Қ.Манқараев.

Оның айтуынша, үлескерлердің проблемаларына және тұрғын үй құрылысын жалғастыруға ерекше назар аударылды.

 "Бұл 105 мың шаршы метр проблемалы аяқталмаған нысандардың құрылысын аяқтауға мүмкіндік береді, "Отбасы банк" кредиттік тұрғын үй желісі бойынша 3 800 пәтердің құрылысы жалғасады, сондай-ақ коммуналдық жалға берілетін тұрғын үй сатып алу бойынша жұмыс жалғасады", - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.