8 өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

09 наурыз 2022, 19:01

Республиканың сегіз өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша, 10 наурызда Ақмола облысының оңтүстігіне, батысына тұман түседі. Солтүстік-шығыстан, күндіз оңтүстік-шығыстан жел соғып, екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.

 

Ақтөбе облысында оңтүстік-шығыстан жел соғып, екпіні 15-20 м/с-ке жетуі ықтимал.

 

Атырау облысының солтүстігінде – тұман, көктайғақ болады. Шығыстан, оңтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғып, екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.

 

10, 11, 12 наурыз түнде Жамбыл облысының таулы аудандарында нөсер жауын жауады. Облыстың солтүстігінде, таулы аудандарда тұман түседі. Оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы солтүстік-шығысқа ауысып, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарда желдің жылдамдығы 15-20 м/с-ке, екпіні 23 м/с-ке жетуі ықтимал.

 

Батыс-Қазақстан облысының солтүстігінде, оңтүстік-батысында – тұман түсіп, көктайғақ болады. Шығыстан, солтүстік-шығыстан, күндіз солтүстік-шығыстан, оңтүстік-шығыстан жел соғып, екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.

 

Қызылорда облысында тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғып, күндіз облыстың солтүстігі мен орталығында жылдамдығы 15-20 м/с-ке жетеді.

 

10 наурыз түнде және таңертең Маңғыстау облысының батысында тұман түседі. Шығыстан соққан желдің бағыты солтүстік-батысқа ауысып, облыстың оңтүстігі мен солтүстігінде екпіні 15-20 м/с болуы мүмкін.

 

10-12 наурызда Түркістан мен Жамбыл облысында ауа райының жылынуы мен толассыз жауған жаңбырға байланысты өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін.