Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Абай мұрасын аударған 50-ден аса шетелдік маман «Достық» орденімен марапатталады – Рауан Кенжеханұлы

10 тамыз 2020, 12:26

Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, оның шығармалары бұрынғысынан бөлек қайтадан әлемнің он тілінде аударылды. Бұл туралы «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы мәлім етті.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай шығармаларын БҰҰ-ның алты ресми тілінен басқа, тағы төрт тілге аударуды тапсырған.

«Ұлттық аударма бюросы Абайдың 175 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биыл Абайдың шығармаларын әлемнің он тіліне аудару туралы бастама көтерді. БҰҰ-ның ресми алты тілінен басқа, Мемлекет басшысы өзі тағы төрт тіл қосты. Ол итальян, неміс, түрік, жапон тілдері. Сонымен қатар, БҰҰ-ның ресми алты тілі, яғни, ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріне, барлығы он тілге аударылды», - деп хабарлады ол.

Рауан Кенжеханұлы атап өткендей, осы елдердегі кәсіби баспалардның шақыруымен Ұлттық аударма бюросының мамандары Абай шығармаларын тәржімалауды аяқтаған. Оның айтуынша, Абайдың мұрасы мемлекеттік деңгейде, осындай биік дәрежеде алғаш рет аударылып жатыр.

«Бұған дейінгі аудармалар совет заманында болды, идеологоиялық шектеулер болды. Кейінгі аудармаларды ауқымды көлемде жасауға мүмкіндік болмады. Жалпы, әлемнің ұлылары басқа тілдерге заманына қарай қайта-қайта аударылып, жаңарып отырады», - дейді ол.

«Ұлттық аударма бюросы» хабарлағандай, аударма жұмысымен Мемлекет басшысы өзі танысқан және өзінің жарлығымен аудармаға қатысқан елуден астам шетелдік маманды (ғалымдар, ақындар, жазушылар, филологтар, баспакерлер және т.б. - авт) «Достық» орденімен марапаттауды тапсырған.

«Орден алатын адамдардың аты-жөндері жуырда белгілі болады, жариялаймыз», - дейді Кенжеханұлы.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан