Абзал Құспан: Президенттің қаңтар оқиғаларын жан-жақты тергелуін талап етіп отырғаны бізге күш берді

14 наурыз 2022, 14:36

Белгілі адвокат Абзал Құспан мемлекет басшысының қаңтар оқиғалар орын алған кездегі табанды шешім қабылдап, қоғамды мазалаған сұрақтарға батыл жауап бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мәжілістің жалпы отырысындағы қаңтар оқиғасына байланысты өткен жиында адвокат Абзал Құспан "Аманат" комиссиясының жұмысына тоқталды. 

"Біріншіден, бізге осындай мүмкіндік тудырып, қолдағаны үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына комиссия атынан және біз қорғаған жүздеген азаматтың атынан алғыс білдіргім келеді. Мемлекет басшысының осы оқиғалар орын алған кездегі табанды шешімі, оқиға бойынша алғашқы кезеңнен бастап елге ашық сұхбат беріп, қоғамды мазалаған сұрақтарға батыл жауап бергені, басынан бастап тергеу органдарынан болған оқиғаны мейлінше ашық әрі объективті, жан-жақты тергелуін талап етіп отырғаны бізге де ерекше күш-жігер сыйлағанын айтқым келеді. Біз және бізден бөлек құрылған басқа да комиссиялар осы мақсатта жұмыс істеді", – деді Құспан. 

Сондай-ақ ол өзі қатысқан комиссияның мақсаты қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстарға қатысы жоқ, тек бейбіт шеруге шықтық деп ойлап, арандап қалған немесе жасаған қылмыстық іс-әрекеттері, денсаулығы, әлеуметтік мәртебесі, сондай-ақ басқа да жағдайларға байланысты қоғамға қауіп төндірмейтін тұлғаларды анықтап, олардың бас шарасын өзгерту, кейіннен қылмыстық іс орбитасынан алып шығару болғанын айтты.