Ел жаңалықтары

Адамды құтқару керек болғанда қорқыныш туралы ойламадым – құтқарушы

  • Адамды құтқару керек болғанда қорқыныш туралы ойламадым – құтқарушы

    Адамды құтқару керек болғанда қорқыныш туралы ойламадым – құтқарушы

Өз өмірін қатерге тігіп, өзгені ажалдан арашалап қалу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін ерлік. Солтүстікқазақстандық өрт сөндіруші Ибрагим Қалижанов – ойланбастан сондай әрекетке барған жандардың бірі. Ол отқа оранып жатқан үйден адам алып шығып, оның аман қалуына себепші болды. Ерлігі еленіп, кеудесіне «Ерлігі үшін» медалін тақты. Өз ісіне жан-тәнімен берілген маманның жалыны шарпыған от құшағына оранғанда мемлекеттік награда жайында ойламағаны хақ. Azattyq Rýhy тілшісі бейбіт күннің батырларымен сұхбаттасқан еді.

Өткен жылдың 26-шы маусымында болған оқиға Азаматтық қорғаныстың аға лейтенанты Ибрагим Қалижановтың әлі де көз алдында. Сағат тілі 14.10-ды соққанда Булаев қаласындағы №12 өрт сөндіру бөлімінің құтқару қызметіне кезекті телефон қоңырауы түседі. Диспечтер  елдімекен орталығында қосқабатты тұрғын үйдің өртеніп жатқаны жайында хабарлама алады.

Шақырту түскен мекенжайға жедел түрде Булаев қаласындағы №12 ӨСБ бастығының орынбасары Ибрагим Қалижановтың жетекшілігімен кезекші қарауыл шығады. Оқиға орнына жеткен бойда әдеттегідей лапылдаған отты сөндіруге кіріседі. Өрт сөндіру бөлімінің мамандары келген сәтте 2-ші қабат бет қаратпайтын қызыл жалынға оранған еді.

«Шақырту бойынша өрт болып жатқан үйге келдік.Ондай сәттерде ең алдымен іште адамдардың бар-жоғын анықтауымыз керек. Сол кезде терезеден жасы 70-тер шамасындағы ер адамның қарап тұрғанын көрдім. Кейін білдім, ол 3 топ мүгедегі екен. Терезеге темір тор орнатылыпты. Әріптесіммен оны бұза бастадық. Жанып жатқан үйге кіргенде бойда үрей болды. Бірақ оны ойлап жататын сәт емес еді. Қарияны қалайда алып шығу керек болды. Бұл менің алғаш рет адам құтқаруым болды», - дейді Қалижан Қапарұлы.

Сол сәтте іштегі екі бірдей газ баллоны жарылып кетуі мүмкін еді. Адаммен бірге көгілдір отын да эвакуацияланды.

ЕРЛІГІ ЕЛЕНДІ

2020 жылғы 14 желтоқсанда Төтенше жағдайлар министрлігінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиын өтті. ТЖ министрі Юрий Ильин құттықтау сөзін сөйлеп, өткен жылдар ішінде елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі міндеттерді жоғары деңгейде орындап жүрген азаматтардың ерлігін атап өтті. Тәуелсіздік күніне орай Президенттің Жарлығымен қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі, батылдығы мен жанқиярлығы үшін өрт сөндірушілер мен құтқарушылар, ТЖМ қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталады. Олар – қызметтік борышын орындау және адамдардың өмірін құтқару кезінде батылдық, батылдық, қайсарлық пен ерлік көрсеткен азаматтар.

Мемлекеттік наградалармен – І дәрежелі "Айбын", ІІ дәрежелі "Құрмет" ордендерімен, "Ерлігі үшін", "Жауынгерлік ерлігі үшін", "Ерен еңбегі үшін" медальдарымен ТЖМ 22 қызметкері марапатталды. Оның ішінде "Ерлігі үшін" медалімен марапатталғандар арасында М.Жұмабаев ауданы Булаев қаласының №12 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Ибрагим Қалижанов бар. Ол адам өмірін құтқарғаны, төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін осындай құрметті марапатқа ие болды.

«Мен Қазақстанда тұратынымды мақтан тұтамын және онда тұратын адамдар өз өмірлері үшін тыныш болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын», - дейді награда иесі.

Қызылжарлық полиция кіші сержанты Денис Комаров та бейбіт күннің батырларының бірі. Жексенбілік кеш болатын. Ол «Жеңіс» саябағында модульде кешкілік ауысымның соңына таман сағат 19-50 шамасында аумақты тағы бір рет айналып өтпек болады... Қар аралас жаңбыр жауып тұрған шақ. Есіл өзеніндегі жардың шетінде тұрған әйел бейнесін көзге ілініп, кенет ғайып болады. 25-30 метр биік жарды білетін полицей бірден сол жақты бетке алады. Жардың шетінде суыққа тоңған, жылаған, соңғы қадам жасауға бел буған жас қыз тұр еді. Ол бойжеткенді бірден таниды, өйткені ол жанынан өтіп бара жатып ұялы телефонын қалдырып кеткен болатын. Полицей қызды ұялы телефонын алып кету үшін дауыстап шақырған болатын, бірақ ол байланыс құралы өзінікі емес екенін айтып, асығыс адымдап кетіп қалып еді. Шындығында, ол өзіне қол жұмсауға кетіп бара жатқан екен.

Денис ойланбастан төменге қарай түсуге бел буады. Дымқыл тартқан топырақта аяғы тайып, өзі де жардан құлай жаздайды. Полицейді байқап қалған қыз қатты дауыстап жақын келмеуін талап етеді. «Тоқтаңыз! Сіздің әпке, інілеріңіз бар ма? Олар жайлы ойлаңыз...» деп қызды әңгімеге тартып, райынан қайтарып, жақын келмек болады. Рациямен шақырылған әріптестері оған қызбен әңгімелесуге, жылаған қыздың бойындағы үрейін басып, біртіндеп жанына келуіне кеңес береді. Оңтайлы сәтті пайдаланып, қыздың қолынан ұстай алады және келіп жеткен әріптестерімен бірлесіп қауіпсіз жерге алып шығады...

Петропавл қалалық ПБ Бірінші ПБ қызметкерлері аталған өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу фактісін ҚР ҚК 105-бабы 1-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізді. Қажетті тергеу әрекеттерін жүргізгеннен кейін, аман қалған 1997 жылғы қызды туыстары алып кетті. Ал кіші сержант Денис Комаров таңертеңіне қайта ауысымға түсіп қызметіне кірісті.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО




Көрілген: 570    Пікірлер: 0

жұма, 07.05.2021, 13:13

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30