"Аға күліп тұрды": Қосшыда ер адам соққыға жыққан бала оқиғаның мән-жайын айтып берді

02 маусым 2022, 14:29

Нұр-Сұлтан маңындағы Қосшы қаласында 9 жастағы баланы ұрған ер адам 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Барлығы балалар арасындағы жанжалдан басталған. Алайда араға екінші баланың әкесі түсіп, ұлының құрбасын ұрған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

"Ол мені ұрған соң құлап, басымды асфальтқа соқтым. Сосын көзім жасаурап кеткендіктен, ештеңе көрмедім. Алайда орындықта отырған ағаның маған қарап күлгенін көрдім. Сосын ол балмұздақты алып, менің бетіме жақтсыү Жеуге мәжбүрледі. Кеудемнен басып, жібере салды", – деді зардап шеккен Баграм Манукян. 

Баграмның суреттері әлеуметтік желіде бірден тарап кетті. Оқиғаның қалай болғанын көршілері көрген, бірақ ешкім көмектесуге асықпапты. Ұлының жағдайын көрген ата-анасы бірден полиция мен жедел жәрдем шақырған. 

Ата-анасының айтуынша, балалар арасында бұған дейін де жанжал болған. Дегенмен үлкендер бұған араласпапты. Баграмның жақындары істі алдымен әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырған дейді. Тек әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен соң қылмыстық іске ауыстырған. Олар баласын ұрған ер адамның қамауға алынғанын қалайды. Іс қозғалған бап бойынша 40 жастағы ер адам 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

"Бұл – көрінеу кәмелетке толмаған баланың денсаулығына қасақана орта деңгейдегі зиян келтіру. Қазір ауырлық деңгейін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған", – деді Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Гүлнәр Пинчук.