Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия біріккен корольдігінің премьер-министрі Дэвид Кэмерон Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келіп кетті. Оның Орталық Азияға, оның ішінде қазақ жеріне бірінші рет аяқ басуының да өзіндік жөні бар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге ол соңғы 40 жылда ашылған ең ірі кен орны – Қашағанды игеру жұмыстарының басталғанын жариялап, Атырау облысындағы «Болашақ» зауытының ашылу рәсіміне қатысты. Ал Астанада стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. Сол жерде ағылшын журналистері Қазақстандағы демократияға қатысты сұрақтарын да қойып үлгерді. Оған Н.Назарбаев нақты әрі тұшымды жауап берді. Д.Кэмерон болса Британ жеріндегі исламофобияға қатысты өз ойымен бөлісті.
Шикізатты инвестиция мен технологияға айырбастау жұмысы жалғаса береді
Н.Назарбаев мен Д.Кэмеронның соңғы кездесуі осыдан бір жыл бұрын болғанын атап өткен жөн. Ол кезде Қазақстан Президенті Лондон Олимпиадасының ашылу салтанаты аясында Тұманды Альбионда екі күн аялдап, осы елдің барлық басшыларымен кездескен болатын. Сол сапар сәтті өтті. Олимпиаданың өзі қазақ спорты үшін үлкен жеңіспен аяқталғаны белгілі. Осы жолы Д.Кэмеронның Қазақстанға жасаған сапары да Ұлыбритания үшін экономикалық тұрғыда сәтті өтті деуге болады. Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келуіне орай,
Д.Кэмеронға Солтүстік Каспий жобасының негізгі өндірістік нысандарының бірі – «Болашақ» зауытын іске қосу құрметі тиді. Аталған кәсіпорында тәулігіне 450 мың баррель мұнай және 8,8 миллион шаршы метр газ өңделмек. Бұл жұмысқа 2,5 мың маман тартылады. Н.Назарбаевтың айтуынша, зауыттың іске қосылуымен соңғы 40 жылда ашылған ең ірі кен орны – Қашағанды игеру жұмыстары басталады. Оған британдық Shell компаниясының қатысып жатқаны белгілі. Зауыттың салтанатты ашылу рәсімі кезінде Д.Кэмерон осыны ерекше қуанышпен айтып, жаңа технологияларды қолдануға мүдделі екендігін жеткізді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев болса Қазақстанның осы саладағы бүгінгі саясаты – шикізатты инвестиция мен технологияға айырбастау «формуласының» жалғаса беретіндігін ерекше атап өтті. «Әлбетте, біз үшін энергетика екіжақты әріптестіктің негізгі саласы болып қала бермек. Қазіргі британдық компаниялар Қарашығанақ жобасына, Каспий құбыры консорциумын кеңейтуге және «Жемчужина» блогын (мұнай-газ кен орны – авт.) жабдықтауға белсене атсалысып келеді. Осы орайда біз шикізатты инвестициялар мен озық технологияларға айырбастау «формуласы» бойынша жүргізіліп жатқан диалогты ары қарай жалғастыруға мүдделіміз», – дейді Н.Назарбаев. Енді бұл диалогқа Қашаған жобасы да қосылды. Ал «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы мен британдық CCTL арасындағы келісімшартты шикізатты инвестиция мен озық технологияға айырбастау «формуласының» бір нәтижесі деп айтуға болады. Аталған құжат бойынша жаңа жер серігін жасап шығып, озық технологияларды Қазақстанға әкелу көзделген. Осы іспетті шараларды қолдау мақсатында Н.Назарбаев пен Д.Кэмерон стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Оның аясында көтерілген барлық бизнес бастамалар аяқсыз қалмайды. Себебі оның барлығын арнайы жұмыс тобы бақылайтын болады.
Қазақстандық демократияның өз жолы бар
Ақордада өткен баспасөз мәслихаты барысында британ журналистері «жақсы көретін» сұрақтарының бірін қойып, Қазақстандағы адам құқықтарын сақтау және әділ сайлауды өткізу мәселесін қозғап көрді. Негізі, Н.Назарбаев Ұлыбританияға жасаған өткен жылғы сапарында қазақстандық демократияның мән-жайын осы елдің зиялы қауым өкілдеріне жан-жақты түсіндіріп берген еді. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан 15 республиканың ішінде 13-орында тұрды. Халықтың 40 пайызы кедейшілікке тап болып, өндірістік ошақтардың барлығы тоқтап қалды. Біз зейнетақы мен жалақыны төлей алмадық. Міне, осындай жағдайды да көрдік. Бүгінде біз дағдарыстан қорықпаймыз. Өйткені одан да қатты күйзелістен өткенбіз. Сол кезде барлық ел бір межеден бастады ғой. Қазір кім қандай жетістікке жеткенін анық байқауға болады», – деген болатын Н.Назарбаев. Ал Қазақстандағы демократиялық нормаларға қатысты Еуропаның ұстанымы бойынша Елбасы былай деп өз ойын өрбіткен: «Әрине, бізге қатысты айтылып жатқан сын-ескертпелер орынды шығар. Бірақ мен Қазақстанның осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерін ескерген жөн деп ойлаймын. Біз мемлекеттің дамуы үшін, ең алдымен, ішкі экономикалық тұрақтылықты барынша қамтамасыз етуге тырыстық. Соңғы 20 жыл ондай тұрақтылықтың бар екендігін көрсетті. Қазақстан үшін демократия жолдың басында емес, соңында деп санаймыз. Біз осы жолмен шапшаң жүріп келеміз».
Бұл жолы Президент аталған мәселеге қатысты нақты әрі тұшымды жауап берді. «Мен осы сұрақты қойған журналист Қазақстанға бірінші рет келіп отыр деп ойлаймын. Себебі үнемі солай болады – сіздердің аралдан посткеңестік жер ортағасырлық заманда қалып қойған аймақ болып көрінеді, бізді көліктің орнына түйеге мініп жүреді деп ойлайсыздар. Мәселен, бұған дейін сіздер «стан» деген сөзге аяқталатын екі елде – Пәкістан мен Ауғанстанда болып, қазір Қазақстанға келіп отырсыз. Енді, міне, олардың барлығын салыстырып көруге болады ғой. Меніңше, біздің елімізде адам құқықтары сақталады. Бұл жерде бір мәселені ескеру керек, Ұлыбританияда адам құқықтары туралы құжат 1660 жылы қабылданған болатын. Ал осы елдің парламенттік демократиясына 800 жыл болды. Әрине, біз осыншама уақыт кетіреміз деп айтып отырған жоқпын. Дегенмен қазіргі жолымыз дұрыс. Сол жолдың соңында бізді демократия күтіп тұр. Қазақстанның біраз ұрпақтары тоталитаризм, царизм мен коммунизм тұсында өмір сүрді. Қазір біз сол ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізіп отырмыз. Бұл – біздің басты құндылығымыз. 20 жылдың ішінде демократияға жету мүмкін емес қой. Әрине, ақыл-кеңестеріңізге рақмет айтамыз. Алайда бізге қалай өмір сүру керектігін көрсетіп, мемлекетті қалай құру қажеттігін үйретуге ешкімнің қақысы жоқ», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Англия исламда демократияның бар екендігін мойындайды
Еуропаның қазіргі «демократиясы» – жаппай исламофобия мен ислам мешіттерін өртеу оқиғаларына қатысты маңызды бір сауал да қойылды. Себебі ол «демократияның» жанында Қазақстанның дінаралық және ұлтаралық келісімі жүз есе артық көрінеді. Мемлекет басшысы осы саладағы тәжірибемен бөлісуге әзір екендігін жеткізсе, Д.Кэмерон ислам мен демократияны ұйыстыруға болатындығын мойындады.
«Шыны керек, сіздер (Қазақстан – авт.) көпұлтты дінаралық демократияны дамытудың үлгісі бола аласыздар. Иә, оған да шыдамдылық пен төзімділік керек. Мен қазіргі экстремизм аясында исламды басқаша қабылдап жүргендер бар екенін білемін. Оны бейбіт дін ретінде қарастыру қажет. Ислам демократиясы жоқ деген пікірмен де келіспеймін. Ол бар. Ислам мен демократия үйлесе алады. Осыны барлығына жеткізе білу керек», – деді Д.Кэмерон.
Ұлыбританияға Қазақстанның дарынды жастары қажет
Бүгінде Еуропаны жайлаған экономикалық дағдарыс жағдайында кәрі құрлықта заңсыз көші-қон мәселесі қатаң бақыланып келеді. Ұлыбритания да одан тыс қалып отырған жоқ. Бұл елдің визасын алу үшін біраз құжаттар қажет. Өзімен бірге біраз қаражатты да алып бару міндеттеледі. Қазіргі кезде Британ азаматтары Қазақстанның визасын емін-еркін алып, ешбір қиындықсыз келіп жүр. Ұлыбритания болса, ондай жеңілдіктерді қазақстандықтарға беруге асықпайды. Дипломаттар мен бизнесмендер үшін шектеу аз. Бірақ қарапайым азаматтар ол елге көп бара алмайды. Сосын Британ визасын беру жүйесінің өзіндік шикілігі де жоқ емес. Мәселен, Британ визасына доктилоскопиялық тексеріс керек, яғни әрбір адам саусақ табын тапсырады. Ал екі қолы жоқ мүгедек жандар ондай тексерістен өте алмайды. Сол себепті оларға виза да берілмейді. Ондай жағдайға «Атом» қозғалысының белсенді мүшесі, суретші Қ.Күйіков тап болған. Елшілік қызметкерлері одан кешірім сұраудан басқа ешбір шара қолдана алмады. Өкінішке қарай, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия біріккен корольдігінің премьер-министрі Д.Кэмерон да кешірім сұраумен ғана шектелді. «Иә, ондай кемшілік бар. Біз виза беруді жеделдете аламыз. Алайда тиісті ережелер болуы қажет», – дейді ол. Д.Кэмерон мүгедек жандардан бұрын дарынды студенттерді қабылдап, оларды жұмысқа орналастыруға мүдделі екендігін жасырмады. «Бізде шетелден келетін студенттердің санына нақты шектеу жоқ. Дегенмен олардың оқу үлгерімі дұрыс болуы шарт. Ал дарынды, кәдімгідей генийлер болса, біз оларды жұмысқа алуға даярмыз. Шынын айтсам, бізге жай экономикалық мигранттар қажет емес», – дейді Ұлыбританияның премьер-министрі.