Ақжарқын Тұрлыбайдың адвокаты Қытайдың экстрадициялаудан бас тартқанына қатысты пікір білдірді

31 мамыр 2022, 14:03

Бүгін Қытайдың Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқаны жөнінде ақпарат тарады. Қыздың адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетовтің айтуынша, бұл 2021 жылғы "өзектілігін жоғалтқан" ақпарат, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 
Бұл туралы қорғаушы facebook парақшасында жазды. 

"БАҚ-та жарияланған ақпарат 2021 жылғы, қазіргі уақытта өзектілігін жоғалтқан", - деген адвокат Ақжарқынды елге қайтарудың алгоритмін жариялады. Ол үшін бойжеткеннің жазасы Қытайда қайта қаралуы тиіс. Тұрлыбай уақытынан бұрын босау құқығынсыз өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді.

"Жазасы өмір бойына бас бостандығынан айырудан - бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы, екіншіден ҚР Бас прокуратурасына ауыстыру туралы өтінішхат жіберу керек. Өтінішхатты мен 2016 жылдың сәуір айында жібердім. 

Үшіншіден, ҚР Бас прокуратурасы мен СІМ қытай тарапымен ауыстыру жөнінде бірлесіп жұмыс істеуі керек", - деді Нұрмағамбетов. 

Адвокаттың айтуынша, жазаны биыл қайта қаралуы мүмкін.