Әкімдік қызметкерлерінің салғырттығынан СҚО-да асфальт зауыты жабылып қалуы мүмкін

01 наурыз 2022, 18:22

Солтүстік Қазақстанда мемлекеттің ерекше қорғауына алынған аймақта асфальт зауыты жұмыс істеп келген. Өндіріс ошағы Қызылжар ауданының Подгороне ауылында орналасқан. Облыстық жер қатынастары инспекциясы жүргізген тексеріс барысында кәсіпорынның Смирнов қорығының аумағында орналасқаны анықталды. Аудандық әкімдіктің арызы бойынша асфальт зауытына қатысты іс қаралып, заң өкілдері кәсіпорынды жабу жөнінде шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

 
Кәсіпкер сот шешімімен келіспейді. Себебі мемлекет қорғауына алынған аймақта 20 елді мекен және түрлі өндіріс ошақтары жұмыс істеп тұр. Бизнес өкілі кәсіп ашпас бұрын тиісті мемлекеттік органдардың рұқсатын да алған. Ол өз құқығын қорғау үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрады.

«Кәсіпкер несие рәсімдеп, жерді сатып алған. Енді кәсіпорын жабылып қалуы мүмкін. Зауыт орналасқан аумақ шынында мемлекет қорғауына алынған. Онда аңшылық жасауға тыйым салынған. Бірақ жерді пайдалануға рұқсат. Жер қатынастары инспекциясы осы мәселенің аражігіт ажыратып алмай, сотқа шағымданған. Сот шешімімен де келіспейміз. Егер онымен келісетін болсақ, қорық аумағындағы елді мекендерді де басқа жаққа көшіру керек», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім жетекшісі Айдос Кеңбейілов.
Смирнов қорығының жер көлемі 240 мың гектар. Ол Мамлют, Аққайың, Есіл және Қызылжар аудандарының бірнеше бөлігін алып жатыр.

«Сот шешімі әлі күшіне енген жоқ. Біз облыстық табиғатты қорғау прокуратурасының ұсынысы бойынша тексеріс жүргіздік. Сондықтан қорық аумағындағы басқа нысандар туралы ештеңе айта алмаймын. Себебі біз осы факті бойынша ғана жұмыс істедік», - дейді облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау департаменті бөлімінің басшысы Ирина Микотина.