Ақмола облысында 77-ге келген әжей үйге көмір жағамын деп, немересі уланып көз жұмған

28 қазан 2020, 22:03

Ақмола облысының Аршалы кентінде бүтіндей бір шағын аудан тұрғындары көпқабатты үйде көмір жағып күн көруде. Әр пәтер иесі үйіне пеш орнатып алған. Оның мұржасы бітеліп, адамдар уланып өлген жағдайлар да болған екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентті Еуразия арнасына сілтеп хабарлайды.

Шолпан Хамитова жақында 77-ге келеді. Аршалы кентінің №2 шағын ауданында тұратын кейуана көпқабатты үйдегі пәтеріне осылай көмір тасуға мәжбүр. Өйткені 20 жылдан бері оның үйі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған. Жергілікті билікке ол мұны айтқан, бірақ олардан қайыр болмаған соң, үйіне қолдан пеш орнатқан. Өкініштісі сол, өз қолымен жасаған құрылғы немересінің өмірін жалмапты.

"Түнде қайтыс болды. Пеш жағып, пештің түбіне көрпе салып, ұйықтап қалдық. Тұрсам, немерем қасымда... Содан мен тұрып, немеремнің қасына құладым. Иіс тиді. Далаға шықтым, көршілер келді. Сосын қызыма хабарластым. Қызым келді. Бірінші класста болған Анарик", - дейді Аршалы тұрғыны Шолпан Хамитова.