Ақсуда иесі бар итті атып кеткен мал дәрігері жауапқа тартылды

22 қаңтар 2023, 23:42

Ақсу қаласында итті дротикпен атып өлтірген мал дәрігері жауапқа тартылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұған дейін әлеуметтік желіде иттің иесі оқиғаның мән-жайын баяндаған болатын. Оның айтуынша, 18 қаңтарда қаңғыбас иттерді атып жүрген мамандар ауладан шықпаған итін өлтіріп кеткен. Әйел полицияның шағым қабылдамағанын мәлімдеді.

Бұл оқиға Ақсу қаласына қарасты Қалқаман ауылында болған.
Ал ішкі істер министрлігі 20 қаңтарда Қалқаман ауылының полиция бөліміне арыз түскенін хабарлады. Әйел адам өзінің итін өлтірген белгісіз адамға шара қолдануды сұраған.
Учаскелік полиция инспекторы материалды пысықтау барысында 18 қаңтарда Ақсу қаласының ветеринария бөлімі ауыл тұрғындарының арызы бойынша қаңғыбас иттерді дротикпен атқанын анықтады.

"Осы факті бойынша оқ атқан 24 жастағы мал дәрігеріне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 407-2 бабы бойынша хаттама рәсімделді. Оған 20 АЕК (69 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды", - дейді полицейлер.
Ал материалдық шығынды өндіру мәселесі бойынша сотқа жүгіну керек.