Ақтауда 35 жастағы әйел оныншы баласын дүниеге әкелмек

19 мамыр 2021, 16:19

Ақтаудың 35 жастағы тұрғыны оныншы балаға аяғы ауыр. Үлкен баласы қазір 19-да, ал кішісі 9 айлық, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Inaktau басылымына сілтеме беріп. 

Балалардың ата-анасы Сәкен мен Гаухар Ешмұхановтар 2001 жылы танысқан. Содан бері жас отбасының төрт ұлы мен бес қызы бар. Сондай-ақ, ерлі-зайыптылар егіздерді: ұл мен қызды тәрбиелеп отыр. Қазір көп балалы отбасы оныншы баланы күтіп отыр.

Бос уақытында Гаухар Ешмұханова шығармашылықпен айналысады, мерекелік іс-шараларда ән айтады.

"Балаларды тәрбиелеу, оларға қарауға маған анам мен үлкен қыздарым көмектеседі. Олардың қолдауымен мен өзіме уақыт табамын. Үлкендер кішкентайларға қарап, үй тіршілігіне де көмектеседі", - дейді Гаухар Ешмұханова.