Ақтɵбеде Ер Едiге батырға арналған алғашқы спектаклiнiң тұсаукесерi ɵттi

19 ақпан 2022, 10:15

Ақтөбе облыстық драма театрында жазушы Светқали Нұржанның сценарийі бойынша Данияр Базарқұлов қойған "Ер Едіге" спектаклінің премьерасы өтті. Этно-фольклорлық тарихи драма Едіге батырдың ерлігі мен қазақ тарихының жарқын кезеңдері жайында баяндайды. Айта кетейік, бұл Едіге батырдың атын шығарған алғашқы спектакль. Оның қойылымы Алтын орданың 750 жылдығына арналған.

"Оқиға Тоқтамыстың хан ордасында өрбиді. Тоғайбек ханым, Тоқтамыс ханның әйелі даланың екі арысы – Тоқтамыс хан мен Едіге батырдың арасын алауыздап, олар дұшпанға айналады. Спектакльде сондай-ақ, Алтын Орданың соңғы, мызғымас әміршісі Әмір Темір мен Едіге батырдың қарым-қатынасы да айтылады",- дейді режиссер Данияр Базарқұлов.

Қойылымдағы тарихи оқиғалар Едігенің ерлігін замандас ақындардың жырлауымен астасып жатыр.

Көптен күткен тұсаукесерде облыс әкімі Оңдасын Оразалин, сонымен қатар, спектакль авторы Светқали Нұржан, құрметті қонақтар, соның ішінде еліміздің өзге өңірлерінен келгендер болды.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин тұсаукесерден кейін: "Бүгін біз айтулы оқиғаның куәсі болдық. Қойылымның оқиға желісі біздің тарихи жадымызды оятады. Едігенің тарихтағы орны мен маңызы әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Соңғы жылдары Ақтөбе облысында ұлы батырдың есімін жаңғырту және сақтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды, яғни халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіліп, ескерткіш орнатылды, "Ер Едіге - Ноғайлы дәуірінің жыры" атты альбом жинағы таныстырылды. Өңірде халықтың бай мәдени мұрасын жүйелендіру және өзектілендіру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасатын болады", - деп атап өтті.