Ақтөбе маңында жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады: қайтыс болғандар бар

12 наурыз 2021, 16:23

Жедел жәрдем көлігі мен шетелдік көліктің соқтығысуы салдарынан бір адам қайтыс болып, екі адам түрлі жарақат алды. Ақтөбе облысының полициясы қала маңындағы тас жолдардың бірінде жедел жәрдем көлігінің қатысуымен болған жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Жол апатынан бір адам қаза тауып, екі адам ауыр жарақат алды. Полицейлердің айтуынша, 11 наурызда таңғы сағат тоғыздар шамасында екі көлік бетпе-бет соқтығысқан.

"29 жастағы Honda CRV көлігінің жүргізушісі "Ақтөбе–Астрахан" тас жолымен Ақтөбеден шығып, Қандыағашқа бет алған. Алайда, ол Мұғалжар ауданының Ақкемір ауылына жақын маңда қарсы бағытта келе жатқан УАЗ көлігімен соқтығысқан. Ал жедел жәрдем көлігі Темір аудандық ауруханасына тиесілі екені анықталды", – делінген Ақтөбе облысының полиция департаменті таратқан хабарламада.
Соқтығысу салдарынан үш адам – ​​Honda CRV жүргізушісі мен оның жолаушысы және түрлі жарақат алған жедел жәрдем медбикесі Қандыағаш қаласының орталық ауруханасына жатқызылды. Алайда, 54 жастағы жолаушы ес жимастан жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Жедел жәрдем көлігімен соқтығысқан Honda CRV.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345-бабы (көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Айта кетейік, аталған факті бойынша кінәлі адам бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ал апаттың себеп-салдары егжей-тегжейлі тергеп, тексеруден кейін анықталатын болады.