Ақтөбе облысында есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері сотталды

06 маусым 2022, 14:16

Ақтөбе облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары есірткі сатқаны үшін түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Azattyq Ruhy облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

 
Бұрын сотталған Ақтөбе қаласының 57 жастағы тұрғыны 2021 жылдың қаңтарында 7 қатысушыдан тұратын қылмыстық топ құрды, олар Қазақстан Республикасының оңтүстік өңірлерінен Ақтөбе облысының аумағында аса ірі мөлшерде «марихуана» және «гашиш» есірткі заттарын тасымалдаумен, сақтаумен және өткізумен ұзақ уақыт айналысқан.

«Есірткінің кезекті партиясын сату кезінде ұйымдасқан қылмыстық топ қатысушылары ұсталды. Заңсыз айналымнан 25 кг-дан астам «марихуана», сондай-ақ 5 кг-дан астам «гашиш» есірткі заттары тәркіленді», - деді Ақтөбе облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бөлімінің бастығы Асхат Асқаров.
Қылмыстық топтың жеті қатысушысы сот үкімімен есірткіні аса ірі мөлшерде сатқаны, ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оған қатысқаны үшін 15-17 жылға бас бостандығынан айырылды.