Ақтөбе облысында өрт сөндірушілер соңғы сәтте зейнеткерді өрттен аман алып қалды

21 сәуір 2022, 00:01

Ақтөбе облысының Хромтау ауданында өрт сөндірушілер өртеніп жатқан пәтерден 65 жастағы ер адамды құтқарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

19 сәуір күні сағат 23.50-де 20-өрт сөндіру бөлімінің пультіне бес қабатты тұрғын үйдің пәтерлерінің бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.

Келген өрт сөндірушілер бірінші қабаттағы жиһаздар мен тұрмыстық заттар өртеніп жатқанын, сондай-ақ жану өнімдерінен уланып, есінен танып қалған пәтер иесін көрген.

Құтқарушылар қарияны далаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, медициналық қызметке тапсырды.

Сондай-ақ өрт сөндірушілер баспалдақ арқылы 20 адамды, оның ішінде 8 баланы эвакуациялады.

Өрт аумағы 10 шаршы метрді құрады. Өрт себебі анықталуда.