Ақтөбеде аса қауіпті қылмыскер колониядан қашып кеткен

03 мамыр 2022, 00:27

Ақтөбеде қылмыскер колониядан науқас анасына қашып кеткен, - деп хабарлайды "Диапазон".

Басылым мәліметінше, 36 жастағы ақтөбелік ауыр қылмысы үшін 8 жылға сотталған, ол жазасын "Қоныс" колониясында өтеп жатқан. Онда қылмыскер қарауылсыз жүріп, жұмысқа барып, кешке оралатын. Бірақ бір күні ол колониядан қашып кетіпті. 

Қылмыскер әпкесінің аулында ұсталды. Түрмеден қашқаны үшін үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Сотта ер адам анасы ауыр науқас екенін айтты. Анасы Шұбарқұдық ауылында тұрады екен, ол колония басшылығынан анасына барып-қайтуға мүмкіндік беруін өтінген, бірақ өтінішін қабылдамаған. Ақырында қылмыскер колониядан қашуға бел буған. Ақтөбеде бір тәулікке пәтер жалдап, кейін ауылға анасына барғанын, артынша әпкесіне барған кезде ұсталғанын айтты.

Басылым мәліметінше, ол бұрынғы қылмысы үшін жазасының басым бөлігін өтеген, тек 4 айы қалыпты. Бірақ сот қашып кеткені үшін оны 1 жылға бас бостандығынан айырды. Қоныс колониясынан ол ең жоғары қауіпсіздіктегі мекемеге ауыстырылады.