Ел жаңалықтары

Ақтөбеде бос шелек көтерген тұрғындар наразылыққа шықты

  • Ақтөбеде бос шелек көтерген тұрғындар наразылыққа шықты

    Ақтөбеде бос шелек көтерген тұрғындар наразылыққа шықты

Ақтөбеде қымбат саналатын «Бавария» тұрғын үй кешеніне қатысты шу шықты. Көпқабатты үй биыл шілде айында пайдалануға берілгенімен, коммуникация желілері әлі  іске қосылмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

 
Пәтерлердің сапасына сын көп. Құрылыс компаниясының құрғақ уәдесіне тойған жұрт бұл іске прокуратура мен әкімдіктің араласуын сұрайды.

Қаланың элиталы ауданынан үй аламыз деп қуанған тұрғындар мұндай проблемаларға тап боламыз деп ойламаған. Құрылыс компаниясы әуелден-ақ шаршатты дейді, 150 пәтерлі үй мерзімінде тапсырылмаған,  наурызда таратылуы тиіс пәтер кілттері тек шілде айында берген. Содан бері екі ай өтсе де, әлі күнге дейін коммуникация желілері іске қосылмаған.

«Иә, Ақбұлаққа су қосылмаған, не газ қосылмаған,  не жарық қосылмаған. Қанша халық несие төлеп отыр. Біз өзіміз алған жеке пәтерімізге кіре алмай отырмыз», - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Ербол Тәжіғұлов.
Бұл тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер арзан емес. Бір шаршы метрінің бағасы 210-240 мың теңге аралығында. Қымбат құрылыстың сапасы сын көтермейді дейді тұрғындар. Жеделсаты жұмыс істемейді. Үй ауласы абаттандырылмаған. Балаларға арналған ойын алаңы жоқ. Пәтерлердің ішкі әрлеу жұмыстары да көңіл көншітпейді дейді тұрғындар.

«Мен әйел адаммын, ер адам сияқты күш салмай-ақ қырсам, едені алынып жатыр. Кафельдерін тепсең, түсіп жатыр », - дейді тағы бір тұрғын Жеңісгүл.
«Кемшіліктердің бәрін тізіп, пәтерді қабылдау актісіне жаздық, құрылыс компаниясы тамыз айында жөндеп беруге уәде еткен болатын» дейді ашынған жұрт. Алайда, әлі ештеңе істелмеген. Оларды күте-күте тағаты таусылған халық  қолына шелек ұстап, құрылыс компаниясына барды. Анықталғандай, тұрғын үй кешені мен оның инженерлік желілері бөлек жобаланған. Су мен газдың кешігіп жатқан себебі сол екен.

«Сыртқы коммуникация бөлек болғандықтан, екі айға кешіктірдік. Ертең үйге су береміз. Газ құбырын да біз қосып қойғанбыз. Құжаттардың бәрі ЖКХ-да, басшысы бүгін қол қойса, келесі аптада газ қосып береміз», - деді құрылыс компаниясының өндірістік директоры Махамбет Әбдірахманов.
Тұрғын үй пайдалануға берілген кезде мемлекеттік органдар оны қабылдауға қатыспайды. Құрылыстың сапасы тек тұрғындардан арыз түссе ғана тексеріледі. Ал облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы үй мен коммуникация желілерінің екі бөлек жобалануына қатысты заңсыздық көріп отырғаным жоқ дейді.

«Иә, мұндай үйлерде ішкі коммуникация желілері жүргізіліп, сыртқысы бөлек жоба ретінде жасалуы мүмкін. Бірақ бұл жағдайда тапсырыс беруші компания тұрғындарды қоныстандырмауы керек. Үй әлі дайын емес болып есептеледі», - дейді Ақтөбе облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Оксана Сопрун.
Тұрғындардың шағымымен құрылыс компаниясының өкілі келісіп отыр. Сондықтан олар пәтерлердегі кемшіліктер үшін мердігерді сотқа берген. Сапасыз салынған еден компания есебінен қайта жасалады.




Көрілген: 626    Пікірлер: 0

сенбі, 18.09.2021, 00:24

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31