Ақтөбеде жанармай құю бекетінде жарылыс болды

22 ақпан 2022, 12:27

ТЖ орнында Ақтөбе облысы ТЖД 136 адам және 16 бірлік техника күштері мен құралдары, сондай-ақ ЖАО 2 бірлік техникасы жұмыс істеп жатыр.

Ақтөбеде жанармай құю бекетінде жарылыс болды, - деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға туралы кезекші қызметке 22 ақпанда Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы сағат 4:11-де хабарланған.

"Кезекші қызмет пультіне Ақтөбе қаласы, Алматы ауданы, Смағұлова №15 мекенжайындағы "Альтаир" жанармай құю станциясында жарылыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Ақтөбе қаласының өрт сөндірушілері мен құтқарушылары дереу жіберілді", - делінген хабарламада.

Өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері оқиға орнына келгенде "Альтаир" техникалық қызмет көрсету станциясында газ-ауа қоспасының жарылғаны анықталды, нәтижесінде 600 шаршы метр алаңда ғимараттың құлауы мен ТҚКС ішінде және жанында тұрған 11 автокөлік зақымданған. Алдын ала ақпарат бойынша жарылыс автокөлік газ-баллон жабдығынан шыққан газ-ауа қоспасының жиналуы нәтижесінде болған.

ТЖ орнында Ақтөбе облысы ТЖД 136 адам және 16 бірлік техника күштері мен құралдары, сондай-ақ ЖАО 2 бірлік техникасы жұмыс істеп жатыр.

Жарылыстан мекемеде күзетші болып жұмыс істейтін азамат зардап шегіп, оқиға орнында қаза тапқан. Жүргізілген іздеу жұмыстары нәтижесінде үйіндінің астынан күзетшінің өлі денесі табылды.