Ақтөбеде жүк көлігі тепловозбен соқтығысты

19 ақпан 2022, 11:12

Ақтөбеде жүк көлігінің жүргізушісі ереже сақтамай, тепловозбен соқтығысып қалды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 Департамент мәліметіне сүйенсек, оқиға облыстық маңызы бар Қарабұтақ-Қостанай тасжолының «Қызылсай» теміржол өткелінде болды.

«Онда көлік пен тепловоз соқтығысты. «МАN TGA» жүк көлігінің 57 жастағы жүргізушісі жол ережесін сақтамай, теміржол өткеліне жеткен кезде тоқтамады. Сол кезде тепловозбен соқтығысты. Адамдар дін аман, ешкім жараланған жоқ»,- деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.