Әлемдік нарықтағы астық құны 40 прлоцентке көтерілді

07 наурыз 2022, 13:55

Ал Қазақстанның астық нарығы тұрақты

Наурыздың алғашқы бір аптасында мамыр айында жеткізілетін астықтың құны 40 процентке көтерілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

 Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс астық нарығын абдыратып тастады. Себебі бұл екі ел де ең ірі бидай өсіруші мемлекет саналады. Нақтырақ айтсақ, әлемдегі астық экспортының 30 проценттейі бауырлас қос мемлекеттің үлесінде. Мұндағы шиеленіс ушыққан сайын, нарықта баға шарықтап барады. Жұма күні Чикаго тауар биржасында мамыр айында жеткізілетін бидай 6 жарым процентке қымбаттап, бір бущелі 12 доллардан асты. Осылайша 2008 жылдан бергі рекордын жаңартқан.

 Айта кетейік, бір Бушель шамамен 38 келі. Трейдерлердің айтуынша, Қара теңіз арқылы бидай тасымалы 24 ақпаннан бері тоқтап тұр. Ал Ресейге қарсы санкциялар жарияланғандықтан олар сауда жасауға жасқанады. Оның үстіне қақтығыс жағдайында Украина егіс науқанын өткізе алмауы мүмкін. Ал Ресейге шет елден келетін тыңайтқыштар мен техника жетіспейді. Осылайша күзде жылдағы өнім аз болады. Сондықтан нарықта ұсыныс күрт кеміп, баға әлі де шарықтауы мүмкін. Халықаралық астық одағының мәліметіне қарағанда  Ресей, АҚШ, Канада, Украина, Аргентина, Еуропа одағы, Австралия және Қазақстан әлемдегі негізгі бидай экспорттаушылар саналады. Бұл елдерде 57 миллион тоннадай астық қоры бар. Десе де бұл кейінгі 9 жылдағы ең аз көрсеткіш.

Ал Қазақстанның астық нарығы тұрақты. Тұрғындар үшін бидай бағасы шарықтай қоймайды. Астық өсірушілер қауымдастығының ресми өкілі Евгений Карабанов осындай болжам жасады. Оның айтуынша, елде ең әуелі ішкі нарықты қамтуға басымдық берілген. Жергілікті сұраныстан артылғаны ғана экспортқа шығарылады. Оның үстіне Қазақстан нарығы Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Санкцияларға байланысты Ресей өзге елдерге астық сата алмай қалуы мүмкін. Есесіне артық өнім мен өндіріс біздің елдің нарығына келуі ғажап емес.