Әлеуметтік саланы қайта жаңғыртуға арнайы топ жұмылдырылады

21 қазан 2020, 21:52

Әлеуметтік кодексте азаматтардың балабақшаға барғаннан зейнетке шыққанға дейінгі өмірі толық қамтылған, деді президент
Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің алғашқы отырысы өтті. Президент реформаның басты алты бағыты бойынша 6 жұмыс тобын құруды ұсынды. Олардың бірі әлеуметтік саладағы реформалармен айналысады.

Мемлекет басшысы әлеуметтік саланы қайта жаңғыртуға арнайы топ жұмылдырылатынын айтты. Ол өзінің тікелей тапсырмасымен Қазақстан үшін мүлде жаңа құжат, атап айтқанда, Әлеуметтік кодекстің әзірленіп жатқанына тоқталды.

"Шын мәнінде, бұл құжат жекелеген адам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жүйелеуге, олардың өзара міндеттемелерін айқындауға, сондай-ақ, қазақстандықтарға берілетін төменгі әлеуметтік кепілдіктерді нақтылауға арналған. Яғни, құжатта азаматтардың балабақшаға барғаннан зейнетке шыққанға дейінгі өмірі толық қамтылған", &ndash деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әлеуметтік кодекс туралы не белгілі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кодексті әзірлеуге кірісті. 

Жаңа құжатқа әлеуметтік мәселелерді реттейтін нормативті-құқықтық актілер енеді. Кодекс жобасы 2021 жылы ұсынылады.

Әлеуметтік қамсыздандыру саласы 17 заң және ондаған заңнамалық актімен реттеледі. Бұл саланы реттеуді қиындатып, күрделендіріп жіберді. Салдарынан мемлекеттің жауапкершілігі айқын емес, ал азаматтар өз құқығын түсінбей жүр. Осыған байланысты президент үкіметке елдің әлеуметтік кодексін әзірлеуді тапсырған болатын.