Талдықорғанда облыс әкімдігін тонау кезінде мемлекет мүлкін ұрлады деген күдікпен екі азамат ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Полицияның мәліметінше, күдіктілер – 24 және 28 жастағы ағайындылар. Олар жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматы облыстық әкімдігінің ғимаратынан мүліктерді ұрлағанын мойындаған.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұсталғандардың тұрғылықты жерін тінту барысында қолды болған мемлекеттік мүліктерді, оның ішінде – компьютерлер, принтерлер, кеңсе тауарлары, тұрмыстық техника, кір жуғыш заттар мен бірнеше орам дәретхана қағазын тауып алып, тәркілеген.
Мамандар қазіргі таңда қылмыскерлер келтірген материалдық шығын көлемін анықтауда.
"Шарасыздықтан ішің қан жылайды": Алматылық адвокат тергеу изоляторында таяқ жеген жастар жайлы айтты
"Бір сарбаздың анасы өмірін қатерге тігіп, жаралыларды шығарып алды": Орталық музей қызметкері Алматыдағы қақтығыстар кезінде әскерилерді қалай құтқарғандарын айтып берді
"Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша тергеу жұмыстары басталды. Айғақты зат ретінде тәркіленген мүлік іс материалдарына тіркелді", – деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Естеріңізге салайық, Талдықорғандағы тәртіпсіздіктер қаңтардың 4-і мен 7-сі аралығында болып, ол күндерде наразылар облыс әкімдігіне, сондай-ақ қалалық және облыстық полиция ғимараттарына басып кірген болатын. Әскерилер тергеу изоляторы мен әскери бөлімдерге жасалған шабуылдардың бетін қайтарған.