Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Алматы хайуанаттар бағында кішкентай сусиыр өмірге келді

16 маусым 2023, 17:46

 Алматы хайуанаттар бағында Джамбо және Лотти есімді сусиырлардың отбасында кішкентай сусиыр өмірге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зообақтың мәліметінше, кішкентай сусиырдың әкесінің есімі – Джамбо. Ол 2007 жылы өмірге келген. 2009 жылы Израильден Алматы хайуанаттар бағына әкелінген. Оның сыңары Лотти 2010 жылы өмірге келген. 2018 жылы Франциядан Алматы зообағына әкелінген.

«Олар бірден жұп болмады. Алғашқы кезде Джамбо Лоттиді сүзіп, қарсылық көрсететін. Уақыт өте келе екеуі тіл табысып кетті. Лотти 22 мамыр күні төлдеді. Кішкентай ұрғашы сусиырдың салмағы 38 келі, бойы 50 см. Қазір олардың жағдайы жақсы. Екеуі даладағы қоршауға орналастырылды», - деп хабарлады зообақтың баспасөз қызметі.

Сондай-ақ зообақ ұжымы кішкентай сусиырға ат қою үшін оқырмандарға Instagram парақшасында ұсыныс пікірлерін қалдыруды, үздік есімді зообақ ұжымы таңдап алатынын хабарлады. Одан бөлек, зообақ ұжымы «Африка саваннасы» кешені құрылысының жобалық-сметалық құжатын дайындауды бастағанын мәлім етті.

«Алдағы уақытта бұл жерде сусиырлар, пілдер, керіктер, зебралар мен антилопалар тұратын болады. Жоба уақытында жасалса, келесі жылы құрылысты бастаймыз», – деп хабарлады зообақтан.

Еске салсақ, Алматы хайуанаттар бағында «Африка саваннасы» кешені салынатыны туралы хабарлағанбыз.