"Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау қашан басталады

13 мамыр 2022, 14:39

"Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтінімдерді қабылдау 18 мамырда басталады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Тұрғын үй бағдарламасының әлеуетті қатысушылары өтінімді сайтта(almaty-zhastary.kz) онлайн режимде бере алады. Ол үшін ЭЦҚ қажет, деп хабарлады бағдарламаның операторы "Отбасы банк". 

Алматы әкімдігі мен Отбасы банкінің бірлескен жобасына 35 жасқа дейінгі алматылықтар қатыса алады. Өтінімдер Алматыдағы мемлекеттік қалалық және республикалық ұйымдарда жұмыс істейтін азаматтардың келесі санаттарынан қабылданады:

дәрігерлер мен медбикелер;

педагогтер мен тәрбиешілер;
әртістер, жазушылар, мәдениет саласының қызметкерлері;
жаттықтырушылар мен спортшылар;
жоғары оқу орындары мен ғылыми институттардың оқытушылары және ғылыми қызметкерлер;
әлеуметтік сала қызметкерлері;
өндірістік қызметпен айналысатын журналистер мен БАҚ (мемлекеттік және коммерциялық) қызметкерлері.
құқық қорғау органдарының қызметкерлері.
Конкурсқа қатысу шарттары

"Алматы жастары" қатысушыларының ресми жұмыс өтілі соңғы алты айдан кем болмауы тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған мәдениет саласының өкілдері үшін Алматы қаласында кемінде бір жыл мерзімге тіркелген жұмыс істеп тұрған ЖК (ИП) болуы қажет.

Сондай-ақ бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншігінде жылжымайтын мүлік болмауы тиіс.

almaty-zhastary.kz сайтында өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін Алматы қаласы әкімдігінің тұрғын үй саясаты басқармасы үміткерлердің тізімін, олар берген құжаттардың дұрыстығын тексереді және жиналған баллдарға сәйкес қатысушыларды іріктейді. Оларға некедегі жылдар саны, балалардың болуы, санаты бойынша үздіксіз жұмыс өтілі, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататындығы әсер етеді.

Ипотекалар пулы құрылған кезде оның барлық қатысушылары Отбасы банкіне жолдама алады. Онда төлем қабілеттілігін бағалаудан өту қажет. Тұрғын үй іздеуге банк қарыз беру туралы оң шешім қабылданған күннен бастап 45 күнтізбелік күн береді. Пәтерді Алматының бастапқы, сондай-ақ қайталама нарығынан, сондай-ақ қаланың салынып жатқан объектілерінен "Қазақстан Тұрғын үй компаниясы"АҚ кепілдігімен сатып алуға болады.

Отбасы банк тұрғын үй сатып алу үшін 18 млн теңге мөлшеріндегі қарыздың ең жоғары сомасын бере алады (егер жылжымайтын мүлік бағасы 18 млн теңгеден асатын болса, онда айырмашылығын өз қаражатынан төлеуге болады), бастапқы жарна кемінде 10% болуы тиіс. 

Айта кетсек, "Алматы жастары" бағдарламасы бес жыл бұрын басталған болатын. Осы уақыт ішінде 32 млрд теңге сомасына 2 260 қала тұрғыны тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға 18 млрд теңге, оның ішінде қалалық бюджеттен 15 млрд теңге және Отбасы банкі тарапынан 3 млрд теңге бөлініп отыр.