Алматы облысында әйелімен жанжалдасқан ер адам үйін тұтастай өртеп жіберді

18 ақпан 2022, 14:40

Алматы облысында ер адам әйелімен жанжалдасып, ашу үстінде үйін өртеп жіберген. Баспана толығымен жанып кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Оқиға Алматы облысының Талғар ауданында болған. Саяжай алаптарының бірінде бес бөлмелі үй өртеніп кетті. Ол жерде кәмелетке толмаған екі баласы бар ерлі-зайыпты тұрған.

Тексеру кезінде полиция үйдің іштен жанғанын анықтады. Ер адам жанғыш зат пайдаланып, от қойған. Әйел мен екі баласы шығып үлгерген, ер адамды көршілері алып шықты.

"44 жастағы ер адам үйді өртеді деген күдікке ілінді. Ол бұл әрекетке әйелімен жанжалдасып қалғаннан кейін барғанын айтты", - деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу қылмыстық кодекстің 202-бабына сәйкес "бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бойынша жүргізіліп жатыр.