Алматы облысында жетім балалар баспаналы болды

11 наурыз 2022, 17:00

Бес қабатты 50 пәтерлі тұрғын үйді салуға жалпы соммасы 505,630 млн. теңге қаражат бөлінген

Алматы облысында жетім балалар баспаналы болды. Барлығы 50 пәтер берілді. Сарқан ауданындағы көп қабатты үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған.

 
Көпқабатты жаңа тұрғын үйден жетім балаларға10 пәтер, І және ІІ топтағы мүгедек жандарға 9, мүгедек баланы тәрбилеуші отбасыға 10, көп балалы жанұяларға 6 толық пәтер берілген. 

"Сондай-ақ, толық  емес отбасыға 6 пәтер, тағы бір  зейнеткер және  Ауған соғысының ардагеріне де пәтер берілді. Мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер алты үйді алса,  тұрғын үйі авариялық жағдайдағы отбасы да баспаналы болды",- деді Сарқанд ауданы әкімінің баспасөз қызметі.  

Жаңадан беріліп жатқан тұрғын үй заман талабына сай жасақталып, барлық коммуникациялық желілерге қосылған. Сондай-ақ, балалар ойнайтын алаңқаймен қоса автокөлік тұрағы да қарастырылған.

Бес қабатты 50 пәтерлі тұрғын үйді салуға жалпы соммасы 505,630 млн. теңге қаражат бөлінген.

 «Мен бүгін баспана кілтін алып, үлкен қуанышқа кенеліп отырмын. Осы қуанышты сәтті көп күттім. 10 жылға жуық жалдамалы үйде тұрып келдім, балаларыма ешқандай жағдай болмады. Енді жаңа серпінмен, ақ ниетпен киелі шаңырағымызға кіріп отырмын. Осындай қуаныштың себепшісі болған азаматтарға алғысымды айтамын», - деді көпбалалы ана Перизат Құдиярова.