Алматы облысында төлқұжаттарға төленген 34 млн теңге бюджетке түспеген

09 маусым 2022, 00:31

Алматы облысында төлқұжаттарға төленген 34 млн теңге салық бюджетке түспегені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

 
Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі төлқұжаттар мен куәліктер беру үшін мемлекеттік баж салығын төлеу саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу кезінде үлкен жетіспеушілікті анықтады.

Алматы облысының екі ауданында 2019-2021 жылдар аралығында бюджетке 34,1 млн теңге сомасында мемлекеттік баж түспеген.

Мемлекеттік баж салығын төлеуден жалтару фактілері салық қызметі органдарының тексеру актілерімен расталған.

Анықталған фактілер көші-қон қызметі қызметкерлерінің "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ қызметкерлерімен, сондай-ақ мемлекеттік қызмет алу кезінде өзге де тұлғалармен сыбайлас жемқорлық схемалары мен алаяқтық әрекеттердің бар екенін көрсетеді.