Алматы полицейлері елімізге жұмыс істеуге келген шетелдіктерден ақша талап еткен

25 мамыр 2022, 22:16

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері Алматы қаласы Наурызбай ауданы полиция басқармасының жедел-криминалистикалық бөлімінің үш қызметкерінің жемқорлығын әшкереледі, – деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Белгілі болғандай, әйелдер Қазақстанда еңбек етуге рұқсат алу үшін өтініш білдірген шетелдіктерден жүйелі түрде алым алып отырған.
ҚР Көші-қон туралы Заңына сәйкес шетелдіктер Қазақстанда болған кезінде еңбек етуге рұқсат рәсімдеу үшін полицияға есепке тұруға міндетті, мұны полиция қызметкерлері өз мүддесіне пайдаланған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде қазір ҚР ҚК 361-бабының 2-1-бөлігі «Құқық қорғау органы қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.