Алматы полициясы қаруды өз еркімен тапсырғандар жауапкершіліктен босатылатынын мәлімдеді

17 қаңтар 2022, 15:53

Алматы полиция департаменті қаруды заңсыз сақтаған азаматтарға өзіне жақын жердегі полиция басқармасына ерікті түрде тапсыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қылмыстық-процестік кодекстің 287-бабына сәйкес, қару мен оқ-дәрілерді тапсырған адамдар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

"Ұрланған қару-жарақ, оқ-дәрілер және арнайы құралдар туралы ақпарат болса, "102" нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз. Анонимді болатынына кепілдік беріледі", - делінген ақпаратта.

Заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді өз еркімен бермеген азаматтар анықталған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Сұрақтар бойынша хабарласуға болатын нөмірлер: 8-747-333-91-60; 8-777-346-44-77.

Айта кетері, Алматыда тәртіпсіздіктер кезінде 7 қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалған. Ол жерден 1 347 қару ұрланған.