Алматы полициясында қызмет ететін Биллклинтон ерекше есімі жайлы айтты

04 ақпан 2022, 20:12

Оның сөзінше, ерекше есімі өмірі мен жұмысына ешқандай кері әсер етпейді
Алматыда АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонмен аттас жігіт полицияда қызмет етеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Өсіпов Биллклинтон Серікұлы 25 жаста, полицей әлеуметтік желі арқылы бір күнде танымал болды. Оған ата-анасы берген ерекше есім себеп болған.
Бірнеше күн бұрын учаскелік полицейдің фотосы мен аты-жөні жазылған сурет желіде тарады. Polisia.kz хабарлауынша, Биллклинтон отбасындағы жалғыз бала. Бұл есімді оған анасы Қабила Өсіпова берген.
"АҚШ-тың 42-президенті Билл Клинтонның құрметіне осылай атады. Анам оны көшбасшы және адам ретінде жақсы көрді", - дейді полиция қызметкері.
Лейтенант ерекше есіміне байланысты бала күнінде қиындықтар болғанын айтты. Жан-жағындағылар мазақ қылған кезде есімін Билл деп өзгерткісі де келген. Кейіннен бұл ойынан айнып, әзіл ретінде қарайтын болған.
"Иә, мектепте ыңғайсыз болды. Қыздар күліп, мұғалімдер қайталап сұрайтын. Қазір үйреніп кеттім. Есімім өзіме ұнайды, ауыстыру немесе қысқарту ойымда жоқ", - дейді ол.
Бала кезінде Билл Клинтон саксофонист болуды армандаған. Дәл сол секілді Биллклинтон да музыкант болғысы келген.
"Билл Клинтон саксофонда ойнай алады, ал мен үйрене алмадым. Бала кезімде үйренгім келген, бірақ өкінішке қарай оған уақыт болмады. Бала күнімде гитара шертетінмін, бірақ қолға алмағалы да көп болды. Қазір музыка көп тыңдаймын", - дейді Өсіпов.
Ал мамандықты әке жолын қуып таңдаған. Биллклинтонның әкесі бір кездері құқық қорғау органдарында қызмет еткен.
Оның сөзінше, ерекше есімі өмірі мен жұмысына ешқандай кері әсер етпейді. Керісінше ол учаскелік инспекторға жақсы көңіл күй сыйлайды, себебі танысқан кезде адамдар күлімдеп, есімін қайталап сұрайды.
Жақын адамдары оны Билл, Билли деп атайды. Ал жары Ақбота жай ғана "жаным" дейді. Биллклинтон Серікұлының Айзере есімді 3 жастағы қызы бар.