Алматыда 4 жастағы бала жерасты суына лық толы шұңқырға құлап көз жұмды

12 мамыр 2022, 10:37

Алматыда 4 жастағы бүлдіршін жерасты суына лық толы шұңқырға құлап, көз жұмды.

Алматы, NEGE. Адам өліміне себеп болған шұңқыр кәріз сору станциясын салу үшін қазылған, деп хабарлайды «Астана» арнасы.

Бірақ маңайы қоршалмай беті ашық тұрған дейді, марқұмның жақындары.Бірақ маңайы қоршалмай беті ашық тұрған дейді, марқұмның жақындары. Олар қайғылы жағдайға құдықтың құрылысына жауапты мекемені кінәләйді. 

Қайғылы оқиға Алатау ауданындағы Қарасу шағын ауданында болған. Рамазан есімді балғын түскі мезгілде есік алдына ойнауға шыққан. Ойын баласы үйінің қасындағы мына шұңқырға тайып жығылыпты. Үлкендер көмекке келгенше, тұншығып қалған көрінеді.    

«Көшеде кетіп бара жатқан едік, досым екеуміз. И сол баланың анасы көріп қалып өзі көшеге жүгіріп  шықты айқайлап, бізді шақырған соң жүгіріп келіп баланы көріп шығарып алдық. Бірақ шығарғанмен сәл үлгере алмай қалыппыз», – дейді Қарасу шағын ауданының тұрғыны Савредин Мырзамов.

Қайғыдан қан жұтқан отбасы болған жайтқа әлі сене алар емес. Олар шұңқырдың бетін жаппаған жауаптыларды жазғырып отыр. 

«Балақай есіктің алдында ойнап жүрген. Одан басқа 7 айлық қарындасы бар. Сол анасы 7 айлық баланы киіндірем дегенде бұл бала далаға шығып кеткен. Бір 5-10 минуттың арасы ғана. Бұл яманың ашық тұрғанына біраз болды. Ешқандай жауапкершілік жоқ құрылыс компанияларында. Ашық-шашық  тастап кеткеннен кейін біз осындай жағдайға ұрынып отырмыз», – дейді марқұм Рамазанның әпкесі Әсел Ошақбаева.

Қайғылы оқиғадан соң мамандар шұңқырды былай қоршап қойыпты. Бірақ бұл қауіп сейілді деген сөз емес дейді бұқара. Қазір қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Сот медициналық сараптама тағайындалған. Қас бен көздің арасында баласынан айрылып қалған отбасы мердігерді сотқа бермек.