Алматыда автобустардың 511 жүргізушісі жауапкершілікке тартылды

23 қазан 2020, 23:07

Алматыда 511 автобус жүргізушісі жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласында 21-23 қазан аралығында «Автобус» жедел-алдын алу шарасы өткізіліп жатыр.

Қазір полиция автокөліктік кәсіпорындары мен жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлердің, азаматтарды тасымалдау қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеруде. Қаладағы автобустардың техникалық жағдайына және балаларды тасымалдаумен айналысатын жүргізушілердің жол ережелерін сақтауына ерекше назар аударылады.

Рейдке 1694 полиция қызметкері жұмылдырылған. Оның 1448-і &ndash патрульдік полиция қызметкері, 210 &ndash учаскелік полиция инспекторы, 36 &ndash ішкі істер органдарының басқа бөлімдерінің қызметкері.

Осы уақытқа дейін барлығы 511 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау ережелерін бұзған 56 жүргізуші, еңбек және демалыс режимін бұзған &ndash үш, көлігін тиісті рұқсатсыз қайта жабдықтаған &ndash 31, сапар алдындағы тексеруден және медициналық тексеруден өтпеген &ndash 22, мемлекеттік немесе міндетті тексеруден өтпеген &ndash 27, көлік жүргізу барысында ұялы телефонды пайдаланған &ndash 189, маневр жасау ережелерін бұзған &ndash 175, қарсы жолаққа шығып кеткен &ndash 4, көлікті мас күйінде басқарған &ndash 1, міндетті сақтандыру туралы заңнаманы бұзған 5 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.

«Айыппұл тұрағына 20 автобус қойылды, 26 мемлекеттік нөмір шешіп алынды, рұқсат етілмеген 9 тұрақ жабылды, 6 автобус паркінің лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 49 автобустың жылу, электр жабдықтарының сәйкестігі тексерілді. Сонымен қатар, заңсыз қосымша жабдықталған автобустардың, сондай-ақ техникалық жағдайы мен құрылымы белгіленген жол қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейтін автобустар мен таксилердің жұмысына тыйым салу бойынша шаралар қабылданады», - деді Алматы қалалық ПД жергілікті Полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.

Мәлім етілгендей, заңсыз мигранттар мен тасымалдаушыларды анықтау мақсатында көші-қон полициясы транзиттік көліктерді тексеретін болады.