Алматыда биыл жаңа 50 аялдама пайда болады

28 сәуір 2022, 22:05

Алматының Алатау ауданында биыл жаңадан 50 аялдама салынады. Осылайша, қоғамдық көлік аялдамаларының жетіспеушілігі толық шешілмек, деп хабарлайды ҚазАқпараттілшісі.
Алматы әкімінің айтуынша, Алатау ауданында маршруттық желілер, жылжымалы құрам, сондай-ақ автобус аялдамалары жетіспейді. Бұл проблемалар «Алғабас», «Теректі», «Рахат-Мәдениет», «Ұлжан-2», «Шаңырақ-1», «Қарасу», «Саялы-2» шағын аудандарында бар. Осы шағын аудандарда 15 маусымға дейін 3 жаңа маршрут ашылады, 4 маршрут (№109, 129, 25, 57) ұзартылады және күшейтіледі. Сонымен қатар, №115 маршруттағы барлық жылжымалы құрам жаңартылды. «Бүгінде бүкіл аудан аумағына 50 жаңа аялдама қажет. Жыл соңына дейін біз олардың салуын қамтамасыз етеміз. Осылайша, аяладама жетіспеушілігін толық шешеміз»,- деді Ерболат Досаев. Бұған дейін Алматының қоғамдық көлік паркі газбен жүретін 105 жаңа экологиялық таза және жайлы автобустармен толыққан болатын.
ҚазАқпарат