Алматыда бір тәулікте мыңға жуық адам коронавирус жұқтырған

22 шілде 2021, 13:13

Алматының қоғамдық денсаулық басқармасы қаладағы коронавирусқа байланысты ахуал мен вакцинация туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«21 шілдеде коронавирусты жұқтырудың 993 жағдайы (жергілікті) тіркелді. Олардың 901-і – симптоммен, 92-сі – симптомсыз. 348 адам емделіп шықты. 402 науқас ауруханаға түсті. 6090 орындық инфекциялық стационарда 3 099 адам (173 бала) жатыр», - деп хабарлады Алматының қоғамдық денсаулық басқармасы.

Жан сақтау және интенсивті терапия бөлімшесінде 228 адам жатыр. 25 адам өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппаратына, 78 адам инвазивті емес ӨЖЖ аппаратына қосылған. High flow-да 86 аппарат бос емес. 5 821 пациент алғашқы медициналық-санитарлық көмектің және Телемедициналық орталықтың мобильді бригадасының бақылауында. Симптомы бар 5 411 науқас жеңіл және орташа ауыр жағдайда, симптомсыз түрімен 410 адам ауырып жатыр.

1 ақпан мен 21 шілде аралығында 665 761 адам вакцинаның бірінші компонентін салдырған. Өткен тәулікте 4 392 адам вакциналанды.

Екпе салдырғандардың жалпы санының ішінде 60 жастан асқан адамдар саны – 94 467.

Қалада медициналық мекемелерде, мектептерде, мәдениет, спорт нысандарында, базарлар мен СОСО-да 212 вакцинация пункті жұмыс істейді. 1260 адамнан тұратын 308 егу бригадасы тартылған.