Алматыда екі күн бойы толассыз қар жауып тұр

15 наурыз 2021, 10:24

Алматыда екі күн бойы қар жауып тұр. «Қазгидромет» РМК болжамынша, қардың жаууы 17 наурызға дейін толастамайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көктайғақтың алдын алу үшін қар жауған кезден бастап жолдарға, қиылыстар мен жолайрықтардың кіреберістеріне, тау бөктері мен таулы аймақтарға көктайғаққа қарсы материал себіліп, қар тазаланды. Көктайғаққа қарсы 3920 тонна материал пайдаланылды.

Тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, автотұрақ қалталарын, жер үсті өткелдерін және ортақ пайдаланылатын жерлерді тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Таңертеңгі қар тазалауға 564 арнайы техника мен 1140 жұмысшы жұмылдырылған.

Қала көшелеріне 5-6 см, таулы аймақтарда 20 см-ге дейін қар жауды. Қазгидрометтің болжамы бойынша, 17 наурызға дейін ауық-ауық жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтілуде.

Аудандық әкімдіктер мен қала әкімдігінде қар тазалау жұмыстарын тәулік бойы бақылайтын кезекшілік ұйымдастырылған.