Алматыда Қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысты жаңа мәліметтер анықталды

02 маусым 2022, 11:38

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы қазақстандықтарды қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық істердің тергелу барысы туралы мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Бұған дейін хабарланғандай, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында тәртіпсіздіктер болып, мемлекеттік нысандарды өртеу, мүлікті жою және лаңкестік әрекеттер жасалды. Бүгін мен Алматы қаласында жасалған қылмыстардың мән-жайына кеңінен тоқталғым келеді", – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.

Оның айтуынша, зорлық-зомбылық, қирату, билік өкілдеріне қарсылық көрсетудің ең ауыр фактілері осы қалада тіркелген.

"4 қаңтарда сағат 18.00-ден 20.00-ге дейінгі уақыт аралығында азаматтар екі үлкен аумақта: батыс бөлікте – "Алматы Арена" спорт кешенінің маңында, шығыс бөлікте – "Халық Арена" стадионының маңында жиналғаны анықталды", – деді Қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары.

"Сағат 21.00-де екі ұйымдасқан халық бір уақытта қала әкімдігіне қарай жылжи бастады. Абай, Төле бидің үлкен көшелерімен жүріп келе жатқан олар жол бойына біршама халықты жинап, арматура, таяқ, тастармен қаруланды. Көпшіліктің жиыны мен қозғалысы WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы үйлестірілді. Санаулы сағаттардың ішінде бір мессенджерге қатысушылар саны 140-тан 5500-ге дейін өсті. Нәтижесінде түн ортасында қаланың жоғарыдағы нүктелерінен әкімдік алдындағы орталық алаңға он мыңдаған адам келді", – деді ол. 

Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары, шулы адамдар тобы алаңда орналасқан ғимараттар мен мүлікті, соның ішінде тұрақтағы көліктерді талқандап, өртей бастады.

"Тәртіпсіздіктерге қатысушылар полиция қызметкерлеріне, әскери қызметкерлерге шабуыл жасап, көліктер жүретін жолды жауып тастады, көліктерді өртеді, азаматтарды тәртіпсіздіктерге қатысуға көндірді, тонау әрекеттерін жасады. Қылмыскерлер ұрланған қарудың көмегімен қару дүкендерін қасақана тонап, бейнебақылау камераларын қиратып кеткен. Жалпы, Алматы қаласы бойынша 587 камера жойылды, оның 283-і жедел басқару орталығына, 304-і "Сергек" кешеніне тиесілі. Бұл ретте оптикалық байланыс желілері бар коммутациялық шкафтар істен шықты", – деді Елдос Қилымжанов.


Шымкентте лифтіде қорлық көрген әйел жүкті болып шықты: Ол тергеудің әділ жүріп жатқанына күмән келтірді 


Саны мың адамға жететін жекелеген топтар халық арасында үрей тудыру үшін мемлекеттік биліктің нышаны саналатын әкімдік ғимараттарын, президент резиденцияларын және Жедел басқару орталығын басып алды.