Алматыда лаңкестік қауіптің "қызыл" деңгейі сақталады

18 қаңтар 2022, 19:50

Алматы аумағында лаңкестікке қарсы операция жалғасып жатыр, лаңкестік қаупінің "қызыл" деңгейі сақталады деп хабарлайды Алматы қалалық терроризмге қарсы жедел штабының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Штабтың хабарлауынша, Алматы полицейлері, сондай-ақ Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері қаланы тәулік бойы патрульдеуде.

Бақылау бекеттері жұмысын жалғастыруда. Қала тұрғындары мен қонақтарына лаңкестік қауіптіліктің "қызыл" деңгейінде тәртіп сақшылары азаматтардың жеке заттарын, сондай-ақ олардың көліктерін тінтуге болатынын ескертті.

Сонымен қатар, олар азаматтардың қозғалысын уақытша шектеуге немесе тыйым салуға құқылы. Штаб қазіргі уақытта Алматы аумағында шерулер мен митингілерді өткізуге тыйым салынғанын еске салды.

"Сізден құқық қорғау органдарының жұмысына түсіністікпен қарап, олардың заңды талаптарын орындауыңызды сұраймыз. Терроризмге қарсы операция режимінің аяқталу мерзімі туралы қосымша хабарлаймыз", - деп хабарлады жедел штаб.