Алматыда рұқсатсыз салынған «Qadam» тұрғын үй кешені сот шешімімен бұзылатын болды

29 шілде 2022, 13:46

Алматыда кезекті заңсыз салынған тұрғын үй кешені бұзылады. Сот Наурызбай ауданындағы «Qadam»  тұрғын үй кешенін сүру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

 
«Бұған дейін Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасы нысанды тексеріп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. 4 қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы рұқсат құжаттарынсыз басталған. Тексеру нәтижелері бойынша «Qadam ТК» ЖШС-ға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, кейіннен заңсыз салынып жатқан нысанды бұзу туралы талап арыз жазылды», - деп мәлімдеді Қала құрылысын бақылау басқармасы.
Нәтижесінде сот шешімімен заңсыз салынған нысанды бұзу туралы талап қанағаттандырылды.

Айта кетейік, жылжымайтын мүлікті сатып алудан бұрын тұрғындар салынып жатқан үй туралы ақпаратты тексеріп, мына жедел желі арқылы құжаттар пакетінің түгелдігін анықтай алады: +7 (727) 229-81-36.

Ескеретін жайт, «Qadam»  тұрғын үй кешенінің пәтерлері әлеуметтік желілер арқылы жарнамаланып, шаршы метрі 320 мың теңгеден саудаланып жатыр.