Алматыда сәбіз бен күнбағыс майына шекті баға белгіленеді

21 қаңтар 2022, 16:14

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов шаһарда сәбіз бен күнбағыс майына 60 күнге шекті баға белгіленетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру аясында жеңілдікпен несиелеу бағдарламасымен қатар бағаны мемлекеттік реттеу шаралары да қабылданып жатқанын атап өтті.

"Мәселен, Алматы қаласы бойынша сәбіз (бір келісі 161 теңге) бен күнбағыс майына (791 тг/л) 60 күндік мерзімге шекті баға белгілеу мәселесі пысықталып жатыр", - деді Қиқымов қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, айтуынша, бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментімен бірлесіп әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке 15% сауда үстемесін сақтауды бақылау жұмысы жолға қойылды.

Әкім орынбасары ертеңнен бастап Алматының 5 ауданында (Алмалы, Медеу, Бостандық, Алатау және Әуезов) азық-түлік жәрмеңкесі қайта жанданатынын атап өтті. Жәрмеңке апта сайын демалыс күндері ұйымдастырылады. Оған Алматы облысына іргелес аудандардың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен Алматы қаласының тағам кәсіпорындары қатысады.

Қиқымов азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмысы әкімдіктің ерекше бақылауында екенін атап өтті.