Алматыда "саяси тұтқындарды" босатуды талап етіп митингке келгендерді полиция ұстап әкетті

24 сәуір 2022, 18:22

Бүгін, 24 сәуір күні Алматыдағы Шоқан Уәлиханов алаңында рұқсат етілмеген митинг өтті. "Саяси тұтқындарды" босатуды талап етіп шыққан 12 белсендіні полиция ұстап әкетті, деп жазады Orda.kz.

24 сәуірде күндіз ондаған белсенді Ғылым академиясының алдына жиналып, "саяси тұтқындарды", қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандарды босатуды талап еткен. Келгендер арасында митингті ұйымдастырған белсенді Әйгерім Тілеужан да бар.

Наразылық акциясын ұйымдастырушы Әйгерім Тілеужанова наразылық білдірушілер ұсталғанға дейін бірнеше минут бұрын әкімдікке митинг өткізу туралы хабарлама тапсырғанын, алайда жазбаша түрде ешқандай түсініктеме берілмегенін айтқан.

Сенбі күні Ғылым академиясының алдында шағын жәрмеңке де ұйымдастырылып, жастар жаңбыр астында билеген.

Полиция шараға қатысушыларды Бостандық полиция бөліміне алып кеткен. Олардың арасында журналист Данияр Молдабеков те бар.