Алматыдағы жаңа жол айрыққа 5,6 миллиард теңге жұмсалмақ

19 шілде 2021, 09:12

Алматының Алатау ауданындағы Сайын және Мөңке би көшелерінің қиылысында жаңа жол айрығы салынады. Жалпы жобаға 5,6 миллиард теңге жұмсалады деп жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Мемлекеттік сатып алу сайтында Сайын мен Мөңке би көшелерінің қиылысында жол айрығын салу қажеттілігі туралы хабарлама пайда болды. Бүгінде өтінім қабылдау жүріп жатыр. Болжам бойынша, құрылыс-монтаждау жұмыстарына 5,68 миллиард теңге жұмсау қажет. 

 
Алматы қалалық Мобильділік басқармасы құрылыс мерзімі 24 ай болатынын хабарлады. Нысанның төлқұжатына сәйкес, жұмыстар 2023 жылдың маусым айында аяқталады.

Сондай-ақ, басқарма өкілдері Сайын көшесін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін тесу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтты.

"Бүгінде Сайын көшесінің ұзындығы 3,2 шақырым. Жер учаскелерін алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде жер учаскелерін алу талап етілмейтін ұзындығы 1,6 шақырым учаскеде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыстарды аяқтау 2023 жылға жоспарланған", - деді басқарма өкілдері.