Алматыдағы ұшақ апаты: Мемлекет басшысы қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты

13 наурыз 2021, 20:18

Алматы маңында орын алған әскери әуе апатынан қайтыс болған жандардың жақындарына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 
"Алматы әуежайында апатқа ұшыраған ұшақта қаза болған әскери қызметкерлердің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын.Жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін.Менің тапсырмам бойынша әуе апатының себептерін анықтау жұмыстары басталды.Бұндай оқыс оқиғалар қайталанбауы керек", - деді Мемлекет басшысы өзінің Twitter парақшасында. 

Сондай-ақ, оқыс оқиға орын алған жерге Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев барды.

 
Қала әкімі Twitter-аккаунтында жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.

"АН-26 әскери ұшағы құлаған жерге бардым. Тиісті қызмет өкілдеріне болған оқиғаның салдарын жоюды тапсырдым. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде", — деп жазды Сағынтаев.

Еске салсақ, ағымдағы жылдың 13 наурызында Нұр-Сұлтан-Алматы бағытында келе жатқан АН-26 әскери ұшағы сағат 17:22-де радардан жоғалып, қала әуежайына шұғыл қонды. Төртеуі қаза тапты, екеуі түрлі жарақаттармен Алматы қаласының 4-ші қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.