Алматыға 27 елдің спортшылары жиналды

16 желтоқсан 2022, 00:39

Алматыда  әлем Кубогінің төртінші кезеңі бойынша 27 мемлекеттің спортшылары жиналды. Мәдениет және спорт министрі  шорт-тректен ел намысын қорғайтын  ұлттық құрама мүшелерімен кездесті. Айтулы жарысқа орай Алматыға  конькимен жүгірушілер халықаралық одағының конькимен жүгіру бойынша спорт директоры Уго Хернхофф және Конькимен жүгірушілер халықаралық одағының кеңес мүшесі Суванна Сильпа-арча да келген.

 
Жарыс 16-18 желтоқсанда "Халық Арена" мұз сарайында өтеді. Оған 27 елден Олимпиада чемпионы Стивен Дюбуа (Канада), Олимпиада чемпионы және әлем чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы Чой Минджонг (Оңтүстік Корея), Нидерландыдан жеті дүркін әлем чемпионы Сюзанна Шултинг бастаған әлемнің үздік спортшылары қатысады. Ел намысын ұлттық құрамадағы Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамуханов, Нұртілек Қажғали, Мерсаид Жақсыбаев және Яна Хан, Ольга Тихонова, Мадина Жанбусинова, Алина Әжғалиева, Анастасия Астраханцева, Малика Ермек қорғайды.

«Соңғы жылдары біздің құрама әлемдік элитадағы өз позициясын айтарлықтай нығайтты. Әлем кубогы мен ірі халықаралық жарыстарда біздің спортшылар жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Осының бәрін ескере отырып, ISU конькимен жүгірушілер халықаралық одағы бізге 2022/23 маусымда әлем кубогының екі кезеңін қатарынан өткізуді сеніп тапсырды. Бұл ұйымдастыру комитеті үшін де, спортшылардың өздері үшін де жақсы тәжірибе болады. Сондықтан, елдегі жарыс сіздерге сәттілік әкелсін деп тілеймін! Жаңа белесті бағындырып, жетістікке жетіңіздер!», – деді Дәурен Абаев.
Спортшылар өз кезегінде министрге көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, балалар мен жастар арасында шорт-тректің танымалдылығы артқанын атап өтті.

«Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық құрама үшін жаттығуларды жағары деңгейде ұйымдастыруға, қажетті спорттық жабдықтарды сатып алуға, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге және барлық халықаралық старттарға қатысуға жағдай жасап, шорт-тректен Қазақстан құрамасына толыққанды қолдау көрсетіп отыр», – деп атап өтті Қазақстан конькимен жүгірушілер федерациясы.
Еске сала кетейік, әлем Кубогының бірінші кезеңі Монреалда (Канада) өтті, онда біздің спортшылар 5000 метрлік ерлер эстафетасында күміс медаль жеңіп алды. Екінші кезеңді Солт-Лейк-Сити (АҚШ) қабылдады, онда біздің спортшылар үш медаль жеңіп алды. Үшінші кезеңде Алматыда 500 метр қашықтықтағы күміс медальді Денис Никиша иеленді. Желтоқсандағы жарыстың төртінші кезеңінен кейін спортшылар Дрезденге (Германия) барады. Осы маусымда шешуші және соңғы кезең Дордрехт қаласында (Нидерланды) өтеді.