Алматылық атқыш Игорь Дужновтың ісі сотқа берілді

10 наурыз 2022, 23:34

2021 жылы 20 қыркүйекте Алматының Ақбұлақ шағынауданында Игорь Дужнов жалғыз баспанасын күштеп тартып алмақ болған сот орындаушыларға оқ жаудырған болатын.

Ақбұлақ шағынауданында сот орындаушылары мен полицейлерге мылтықтан оқ жаудырған Игорь Дужновтың ісі сотқа берілді. Бұл туралы қалалық сот мәлімдеді деп жазды turkystan.kz.

«Былтыр 54 жастағы Игорь Дужновқа қатысты «Кісі өлтіру» және «Билік өкіліне шабуыл жасау» баптары бойынша тергеу басталған болатын. Бес айға созылған тергеуден кейін қылмыстық іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жіберілді», – деді Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын.

Еске сала кетсек, 2021 жылы 20 қыркүйекте Алматының Ақбұлақ шағынауданында Игорь Дужнов жалғыз баспанасын күштеп тартып алмақ болған сот орындаушыларға оқ жаудырған болатын. Атыс салдарынан 5 адам қайтыс болды. Олардың арасында сот орындаушысы, 2 полицей және 2 бейбіт тұрғын бар.

Бірнеше кісіні өлтірген ер адам 20 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.