Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Алматылық дәрігерлер халықты скринингтен өтуге шақырады

14 шілде 2023, 11:01

Медициналық сақтандыру қоры жыл сайын профилактикалық тексерулерге қаражат бөліп отырады. Оның ішінде, әлеуметтік маңызы бар ауруларды анықтауға арналған скринингтер де бар. Мысалы, 2023 жылы Алматы қаласы бойынша профилактикалық тексерулерге 8 млрд теңге қарастырылған. Жыл басынан бері халықты скринингтік тексерулерден өткізген емханаларға 2,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Скринингтік зерттеулердің маңызы қандай және тексеруден өту үшін қайда бару қажет деген сұрақтарға №16 Қалалық емхана дәрігері Сәуле Исмағұлова жауап берді.
Маманның айтуынша, аурудың көбі қаншалықты ерте анықталса сонша тезірек жазылады. Уақтылы анықталған дертті емдеу де оңай.
Скрининг дегеніміз не және оның қажеті қанша?
Скрининг – ауруды және оның туындауына әсер ететін факторларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін медициналық зерттеулер жиынтығы. Тексерудің бұл түріне салалық мамандардың консультациясы мен зертханалық-диагностикалық зерттеулер кіреді.
Скрининг арқылы қандай сырқаттарды анықтауға болады?
• Зиянды әдеттерден туындайтын қауіп факторларын ерте анықтау – 30-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
• Артериалды гипертония, жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабетін ерте анықтау – аталған диагноз негізінде динамикалық бақылауға алынбаған 40-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
• Глаукомаға тексеру (көз іші қысымын) – 40-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
• Жатыр мойны обырын ерте анықтау – 30-70 жас аралығындағы әйелдер
• Сүт безі обырын ерте анықтау – 40-70 жас аралығындағы әйелдер
• Колоректальды обырды ерте анықтау – 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
• В мен С вирусты гепатиттерін ерте анықтау.

Сонымен қатар, профилактикалық тексерулерден 18 жасқа дейінгі балалар да өте алады. Оған баланың психофизикалық және жыныстық даму деңгейін бағалау, зорлық-зомбылық белгілері бар-жоғын анықтауға арналған тексерулер кіреді. Бала денсаулығынан қандай да бір кінәрат табылған жағдайда салалық маманға жолдама беріледі.

Профилактикалық тексерден өтуге жолдаманы кім береді?
Скринингтен өту үшін тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерден (терапевт) жолдама алу қажет. Жас мөлшеріне қарай бекітілген скринингтерден бірден өтуге болады.
Профилактикалық тексерлер МӘМС пакетіне енген, сондықтан скринингтен өтетін азамат сақтандырылған болуы шарт.

Скринингтен жылына неше рет өтуге болады?
Скринингтік зерттеулердің кей түрі бес жыл сайын, кейбірі – екі немесе төрт жылда бір рет жасалады. Бұл мерзім әр аурудың даму қарқынына қарай белгіленген.

Скрининг нәтижесін қалай білуге болады?
Скринингтік зерттеуден өткен пациенттер денсаулығынан ақау табылған жағдайда салалық мамандардың консультациясына жіберіледі, қажет болғанда ем тағайындалады.