Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Алматылық хирургтар күрделі ота жасап, жүкті әйелдің өмірін сақтап қалды

23 желтоқсан 2022, 15:03

Қалқаман ауруханасының дәрігерлері ішек жолдары бітелген жүкті әйелге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен аса күрделі операция жасады, деп хабарлайды №7 Қалалық клиникалық аурухана баспасөз қызметі.
Хабарламаға сүйенсек, жүктілігіне 20 апта болған 27 жастағы келіншек аурухананың қабылдау бөліміне шұғыл түрде жеткізілген. Пациент ішінің жоғарғы жағы шаншып ауыратынын, жүрегі айнып, құсатынанын және іші жиі кеуіп кететінін айтып шағымданған.
Мультидисциплинарлық команда арнайы тексерулер жүргізді. №7 аурухананың бас дәрігері, профессор Рамазанов М.Е., бас дәрігердің орынбасары Байжігітов К.Ж., реанимация бөлімшесі меңгерушісі Еспенбетов Е. Б. қатысуымен шұғыл түрде консилиум өткізіліп, тез арада хирургиялық операция жасау туралы шешім қабылданды.
«Жамбастағы жарық пен абдоминалды жабысқақ ауруының асқынуы салдарынан ішек жолдары бітеліп қалған. Нәтижесінде пациенттің жағдайы ауырлап, өміріне қауіп төнген. Ана мен баланың өмірін сақтап қалу мақсатында аса күрделі лапаротомиялық операция жасалып, ішек жолдары ашылды», - дейді ота жасаушы дәрігер, аурухананың №1 хирургия бөлімшесі жетекшісі Нұрлан Мәуленов.
Ота 2,5 сағатқа созылды. Білікті мамандардың арқасында бүгінде ана да, жатырдағы шарана да дін-аман.
«Мен де, отбасым да №7 ауруханаға ризамыз. Балам екеуміздің жанымызды сақтап қалған дәрігерлерге алғысымыз шексіз», дейді пациент.
Көпбейінді аурухана болғандықтан пациент операциядан кейін гематолог, гинеколог, нефролог, терапевт мамандардан кеңес алып, отбасына оралды.